COVID-19 

Маска тағу режимі енгізілді

Санитарлық тазалықты қатаң талап ету мақсатында Семей қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары қоғамдық тамақтану мен сауда нысандарында тексерулер жүргізіп жатыр.

Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу және санитарлық талаптарды түсіндіру бойынша алдын алу іс-шараларын жүргізуге облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысы негізге алынған. Оның талаптарына сәйкес, автобөлшектер сату дүкендері мен техникалық қызмет көрсету станцияларында, автожуу орындарында да  рейдтер жүргізілді.

Рейдке қатысушы мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда біз күнделікті өмірдің жаңа мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Егер адам маска мен қолғап кисе, бұл оның саналы азамат екенін білдіреді. Ол өзінің және отандастарының денсаулығына қамқорлық жасайтындығын көрсетеді. Ол пандемиямен күресуге қатысушылардың бірі екенін дәлелдейді.

Кейбіреулер  масканы қалай болса солай киеді. Мәселен, масканы иектерінің астына тағып алып, мұрындары мен ауыздарын ашық тастайды. Коронавирус инфекциясының екінші толқыны өте қауіпті.

Жоғары қауіптілігі бар топтарға зейнеткерлік жастағы адамдар жатады, себебі олар вирусты оңай жұқтырады және көп жағдайда ауру ауыр түрде жүреді. Сондай-ақ ағзадағы инфекцияның дамуына ауыр созылмалы аурулар да әсер етеді. Мысалы, қант диабеті, жүрек және өкпе проблемалары, гипертония. Олар организмдегі вирустың дамуымен бірге жүріп, соңында өлімге әкелуі мүмкін.

– Вирусқа ең сезімтал – иммунитеті жоқ адамдар. Инфекция ауа тамшыларымен беріледі, сондықтан адамдар үшін негізгі қорғаныс маскаларын кию, сондай-ақ жеке гигиена ережелерін,  бір-бірінен әлеуметтік қашықтықты сақтау, тазалық ұстау міндетті болып саналады, – дейді Семей қалалық ТКҚСҚБ бас маманы Гүлбаршын Байғозина.

Айта кету керек, облыстық бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, полиция қызметкерлері де Семейде шұғыл түрде рейдке шықты. Полиция қызметкерлері маскалық режимді сақтауды тексеріп, бұқаралық іс-шаралардың өткізілуіне тыйым салынғанын ескертті. Сонымен қатар кешкілік уақыттарда ойын-сауық мекемелерінде рейдтер жүргізілетін болмақ. Полиция және ТКҚСҚБ қызметкерлерінен құралған мониторинг тобы кафелер мен мейрамханалардың тиісті талаптарды сақтауына тексеру жүргізеді. Тәртіп бұзушыларға айыппұл салынады.

Семей қалалық ПБ ЖПҚ бастығы полиция майоры Мейірбек Нүрекеновтің айтуынша, бүгінгі күні 70-ке жуық полиция қызметкері рейдте жүр. Қаулыға сәйкес, маскалық режимді сақтау керек және топпен жиналмау қажет. Сонымен қатар бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыруға тыйым салынған ойын-сауықтыру мекемелері тексеріледі. Кешкілік уақытқа ТКҚСҚБ-мен бірлескен топ тәртіп бұзушыларды анықтап, айыппұлдар толтырады. Мақсат –  халыққа маскалық режимді бұзбауды түсіндіру, себебі өзіміздің қауіпсіздігіміз өз қолымызда.  2020 жылдың 17 қазанынан бастап 80-ге жуық тәртіп бұзушылық анықталған. Рейд жұмысы жалғасуда.

Осылайша, Семейде «Маска режимі» қатаң түрде  енгізілді. Бұл дүкендер мен адамдар көп жүретін көшелер сияқты қоғамдық орындарға барған кезде маска тағу міндетті болады дегенді білдіреді. Сондай-ақ барлық  қоғамдық орындарда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға бақылау күшейтілді, себебі  Шығыс Қазақстан облысы ковидтің таралуына орай көш бастап тұр. Бүгінгі таңда мониторинг жасайтын топтардың құрамындағы полиция қызметкерлері облыс көлемінде де рейд жүргізуде. Олар  бірқатар дүкендерді, шаштараздар  мен  адамдар көп жиналатын орындарды тексеріп жатыр. Рейдтік іс-шаралар көрсеткендей, азаматтар көбінесе медициналық масканы міндетті түрде кию ережесін және әлеуметтік арақашықтықты сақтамайды.  Өскемен мен Семейде, сондай-ақ облыстың елді мекендерінде шектеу шараларына байланысты санитарлық эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралардың сақталуын қадағалау мақсатында бақылау жұмыстары тағы да күшейтілді. Полиция департаменті санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауды, атап айтқанда, медициналық маскаларды тағып  жүруге кеңес беруде. Жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар облыс тұрғындарының арасында аурудың деңгейін төмендетуге ықпал етпек.

Семейде карантиндік шараларды сақтау бойынша рейдтер тұрақты түрде жалғасуда. Мобильді топ құрамында кәсіпкерлік бөлімі, әкімдік және СЭС өкілдері азық-түлік емес дүкендерде санитарлық нормалардың сақталуын тексеріп жүр. Пандемия кезеңінде дүкендерде бетперде режимі енгізілгені өте дұрыс болды. Мекеме, үй-жайларда міндетті түрде санитайзерлер болуы тиіс. Сондай-ақ дүкендерде дымқыл тазалау қажет, ал сатушыларға күнделікті температураны өлшеу ұсынылады.

– Бүгін бізде кезекті тексеруде жүрміз, – деді  Семей қалалық ТКҚСҚБ бас маманы Гүлбаршын Байғозина, – біздің мобильді топ иелері санитарлық нормалардың сақталуын тексеру үшін дүкенге барды. Біз адамдардың пандемиядан шаршағанын түсінеміз, бірақ шыдамды болу керек. Дүкендерде көп жиналмаңыз. Бұл, ең алдымен, адамдардың өздері үшін маңызды. Сондықтан ауру қаупі аз болады. Сол себепті біз барлығын санитарлық шараларды сақтауға шақырамыз.

Рейд қатаң ақпараттық сипатқа ие. Көптеген мәселелер ашық айтылып, түсіндіріледі. Құқық бұзушыға енді айыппұл салынады. Жалпы, рейд барысында дүкендердің көпшілігі тиісті нормаларды сақтамайтыны белгілі болды.

Айта кету керек, облыс тұрғындарымен бірге семейліктер де  әлеуметтік желілерде «Маска тағыңыз» акциясын іске қосты.  Семейде COVID-19 індетін жұқтырғандар санының күн сайын ұлғаюы – алаңдатарлық жағдай. Қаладағы барлық отбасылық дәрігерлік амбулаториялар мен емханалар да COVID-тен сақтанудың жолдарын ұсынып жатыр. Дәрігерлердің ақпаратынша, тұрғындарға жеке бас тазалығын сақтау да аса маңызды. Түшкіріп немесе жөтелгенде мұрын мен ауызды қағаз сүлгімен жабу керек. Қолданғаннан кейін оны дереу қақпағы бар қоқыс жәшігіне лақтырып, қолды жуу қажет. Егер қолда майлық болмаса, алақанға емес, шынтақ буынына түшкіріп, жөтелген дұрыс. Айтпақшы, біз үнемі қол тигізетін барлық элементтерді, сондай-ақ телефондарды, пернетақталар мен компьютерлерді арнайы дезинфекциялық құралдармен,  майлықтармен жуып немесе сүрткен дұрыс, әсіресе егер үйде біреу ауырғанда өте сақ болу керек. Қоғамдық орындардан аулақ болыңыз дейді дәрігерлер.  Бұл – кез келген індет кезеңіне арналған стандартты ұсыныс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талап-ережесіне сәйкес, адамдармен сөйлескен кезде 1 метр немесе одан да көп қашықтықты сақтау керек.   Коронавирустық инфекцияның екінші толқыны бүгінде көптеген елдерде басталып кетті десе болады.

Семейде рейд кезінде сауда және басқа орындар тексеріліп қана қоймай, қосымша ақпараттар да беріледі. Мәселен, қолды тек тамақтанар алдында ғана жумау керек. Себебі, зерттеулер көрсеткендей, қоғамдық дәретханаларға келушілердің бәрі бірдей қолдарын жуа бермейді екен. Көбісі сабынды пайдаланбайды. Азғана адамдар ғана қолдарын дұрыс жуады. Сонымен қатар осы қарапайым процедураны үнемі орындау аурулардың, соның ішінде жұқпалы аурулардың санын азайтуы мүмкін екенін ескергендеріңіз жөн. Қолды қоғамдық орындарға, қоғамдық көліктерге, яғни автобустарға мінгеннен соң, үйге оралғаннан кейін жуу керек.  Дәретханадан кейін, жануарларды сипағаннан кейін, олардың тамағы мен қалдықтарын ұстаған соң, оларға тамақ дайындау кезінде және одан кейін, тамақтанар алдында, науқастармен немесе олардың заттарымен байланысқанға дейін де тазалау керек. Тіпті түрлі жараларды өңдегенге дейін және одан кейін, қоқысты тазалағаннан немесе тастағаннан кейін, жөтелгеннен немесе түшкіргеннен кейін қолыңызды жуған жөн. Егер қолыңызды сабынды сумен жууға мүмкіндігіңіз болмаса, құрамында алкоголі бар гель (санитайзер) қолдануға болады делінген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қазіргі басты талаптарында.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button