«13 шақырым» және бүкіл ғұмыр

Бұқаға бәстесесің бе?..
– Сол жылы жазда ауылдан 13 шақырым жердегі қыстаудан жаяу келгенің рас па?
– Әрине… онда тұрған не бар?! Қыстыгүні де жете алар едім. Қолыңа қос таяқ ұстадың да, жүгіре бастың: бес сағатта ауылда боласың. Бұқаға бәстесесің бе?
Режиссер мен бас кейіпкер арасындағы осы бір қалжың-шыны аралас текетірестен кейін түсірілген фильм – «13 шақырым». Владимир Тюлькиннің зағип фермердің тағдыр жолы турасындағы туындысы қазан айының басында Екатеринбургте өткен XXVIII «Россия» деректі фильмдер ашық байқауында қазылардың арнайы жүлдесімен марапатталған. Іле ай аяғында Бразилияда өткен халықаралық кино фестивалінде «Еңсеру» жүлдесімен мадақталды. Айта кетейік, аталмыш фильм Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында жарыққа шыққан.
Тағдырлы жан жайындағы фильмнің түсірілу барысы да тағдырлы… Қарлы даланы бетке алып Серік жолға шығады. Ізін ала түсірілім тобы ерген. Өмірдің қисық басқан аяқ алысындай оң-солға сермелген жалқы таяққа сүйеніп келе жатқан зағип шаруа тағдырына тіптен риза.
– Мен үшін әр күн шаттық пен қуанышқа толы. Бүгін аман-есен оянып, ауылға кетіп бара жатқаным – қуаныш. Қойшымыз жоқ, әйелім Гүлзада екеуіміз малымызды өзіміз бағамыз, ол да – қуаныш. Қап-қап ақша, қымбат көлік пен хан сарайындай үй – осының бәрі маңдай тер, табан етпен келген несібең мен отбасы бақытының жанында неге тұрады? – деп түсірілім тобын тәнті еткен.
Тілші толғанысы: бір адамның қос жанары да сау. Енді бірі – зағип. Ал өмірдің алыс жолына түскенде, алдағы бұралаңға ешкімнің көзі жетіп тұрған жоқ. Су қараңғылықта күн кешкен Серік өмірдің небір қыр-сырын жанарлы жандардан тым көрегендікпен танып, білген.
Ендігі сәт бас кейіпкердің тағдырлы жолына тоқталайық.
«Есерлерге – күлкімін, естілерге – үлгімін»
Тағдыр тауқыметіне қасқая қарсы тұрған жан Тарбағатай ауданына қарасты Жаңауыл ауылдық округінде тұрады. Бұл күнде шұрқыратып жылқы айдап, мыңғырған қой өрістеткен кәсіп иесі – Серік Боданбаев.
– Мен физикалық тұрғыда мықты болып өстім. Алайда бала кезден тауық соқырлықтың зардабын тарттым. Уақыт өте күндізгі көру қабілетім әлсірей бастады. Ал 1994 жылдың қыркүйегінде су қараңғылықта қалдым. Әуелде, сыртқа шығудан жасқандым. Көлік қағып кетер, я әлдебір орға құлармын деген үрей болды. Сосын біртіндеп дүкенге, одан вокзалға да бара алатын болдым, – деп бастайды әңгімесін фермер.
Серік Боданбаев тоқсаныншы жылдардың топан-сергелдеңінде Өскеменде аз тентіремеген. Тентіреуден шәркейі тозса да, шыдамы шытынамады. Күндердің күнінде өмірдің жылт еткен мейірімін зағип көзімен көре алды тағдыр сынындағы сарбаз.
– Менің жұмысқа кірісіп кетуімнің өзі қызық болды, – дейді ол. – Бірде облыстық табысы төмен азаматтарға қолдау көрсету аймақтық қорына жүгіндім. Бірнеше бас қозы-лақ және тайынша-торпақ сатып алғым келетінін айтқанымда, ондағылар «Малды қалай бағасың, өзіңді бағатын адам керек қой» деп келісіңкіремеді. «Ақша берсеңіз болғаны, екі-үш жылдан соң мен туралы теледидардан естіп-көретін боласыз. Ал бағу мәселесіне келсек, ол тіптен қиын емес», – деп қасарыстым мен. «Жақсы… қаржы түскенде, сенің қолыңа бірінші тигіземіз. Ал қайтара алмасаң, өзіміз-ақ төлейміз. Сендей еңбекке құштар адамды бірінші рет көруіміз» дегендері әлі есімде.
– 98-ші жылы қолыма тиген 30 мың теңгеме алты қозы, алты тайынша сатып алдым. «Қарызын ерте өтегендерге тағы бір шартты жеңілдік береміз» дегендерін қаперіме түйгенмін. Мамыр айында өтеуім тиіс қарызды ақпан айында жауып үлгердім. Бұл жолы маған 60 мың теңге берді. Осы ізбен өзгелерден ілгері қадам бастым. Бұл күнде ауылдық округтегі 70 шаруа қожалықтың ішінде «Надежда» (анасы – Надежда Казакованың құрметіне атаған) алдыңғы қатарда. Әйелім және екі қызыммен тұтас отбасы болып, 1 200 гектар жерге 80 бас сиыр, 20 жылқы, 900 қойды жайып отырмыз.
Тілші толғанысы: «Адамнан тілегеннің екі көзі шығады, Алладан тілегеннің екі бүйірі шығады» деуші еді. Рас екен! Серік өзі жайында «Жаратушы ием мені ақымақтарға күлкі, ақылы барларға үлгі етіп жаратты» деп мақалдайды. Меніңше, жанары қараңғы болса да, санасы жарық Серікті көрген жалғанның қандай бір жарты есті пақырына да ақыл қонар.
– Кейде маған «осы күйбең тірліктің саған не керегі бар?» дейтіндер бар. Негізінде мен дәрігерлер есебінен өмір сүріп жатырмын. Осыдан біраз бұрын соқырішегімді кесті, өт қабымды алып тастады. Енді, міне, бауырым мазалап жүр. Түнерген тірлік қанша тығырыққа тіресе де, өмірді көңілді сүру керек. Менің ұлы атам Қараша ұрпақтарына осылай өсиет қалдырған. Батыр атам жоңғарлармен ұрыс барысында жебе тиіп, атымен бірге құлаған көрінеді. Серіктерінің бірі «Қареке, қалайсыз?» дегенде, жаймен ғана бас бармағын көтеріпті-міс. Жауды түре шегіндіріп оралған жауынгер-достарына «Жаудың қазақтан қашып бара жатқанын көрсем, әл үстінде жатсам да, менде бәрі жақсы дейтін боламын» деген екен. Енді біз – ұрпақтары ауру жанымызға батса да, күліп жүреміз, әйтпегенде сәттілік теріс айналады.

Тағдырды жеңген текті әулет
Қиындыққа мойымайтын қайсар мінез атасынан дарыған еңбек ерінің ата-анасы да тағдыр еркесі болмаған. Қораңдағы малыңды қоғамның рұқсатынсыз игіліктене алмайтын дүмше заман еді ғой. Серіктің әкесі 1941 жылы бауыры майданға аттанар алдында бағлан сойғаны үшін қамауға алынған.
Анасы Надежда Казакова – Беларусь елінің тумасы. Бірде Надежда жұмыс істейтін Витебск аэродромынан бірде-бір ұшақ әуеге көтерілмей қалады.
Әлдекім жанармайға тұз сепкен көрінеді. Аэродром басшылығын ату жазасына кесіп, жұмысшыларды түгел Красноярск өңіріне ағаш кесуге айдайды.
Серіктің ата-анасы сол жерде танысып, табысқан. Мерзідерін өтеп, бостандық алысымен, 1956 жылы шаңырақ көтеріп, төрт ат байлар мен бір тізгін ұстарға әке-шеше болады.
Бұл күнде Серік екінші некеде. Алғашқы жары оның біржола соқыр болғанын білгенде-ақ, балаларын алып, кете барған. Осы күнгі жұбайы Гүлзадамен қосылуының өзіндік тарихы бар.
– Бірде балық аулап отырғанмын. Кенет бұзау айдаған бойжеткен таяп келді. Қарады да отырды жанымда. Содан күнде әртүрлі дәм түйіп әкелетін болды. Қазы-қарта, бауырсақ дегендей… Сыр тартып «неге үйленбегенсің» деді. «Ажырасқанмын, енді ешкім қарамайды» деймін мен. Бір күні сол бойжеткен есігімді келіп қақты. Келе салып, кір-қоңымды жуып, үй тазалап, асымды әзірледі. Сосын сағатына жалт қарап, «соңғы автобусқа кешігіп барамын, не істеймін?» деді. Ақыры қалды, сол қалғаннан мол қалды. Міне, әлі жанымда.
Бұл – махаббат дастанының отағасы айтқан нұсқасы. Отанасының айтуынша, мүлдем керісінше.
– Төрт жыл соңымнан жүгіріп қоймаған соң, дегеніне көндім. Қосылдық. Анамның бастапқыдағы қарсылығына қарамай қосылдық. Шүкір, қазір бақыттымыз – дейді аяулы жар.
Тілші толғанысы: Иә, бақытты отбасы. Екі бірдей қыз тәрбиеледі. Тұңғыштары Құралай С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ды тәмамдады. Ерке Толғанай Мәскеу университетінің Шығыс Қазақстандағы филиалынан экономика факультетінде білім алды. Серік қыздарының екінші жоғары білім алғандарын қалайды.
– Мен көрмеген өмірдің жарқын сәттерін қыздарым көрсін. Солар бақытты болсыншы! Ендігі қалған ғұмырымды осы үшін арнайтын боламын, – дейді тағдырлы әке. Өмір Серіктің жанарын қараңғы етсе де, әркімде жоқ жарық арман сыйлаған екен. Соған көзіміз жетті.
Оразай Жеңісұлы