Қоғам

13 отбасыға баспана кілтін табыс етті

Кеше облыс әкімі Даниал Ахметов жұмыс сапарымен Көкпекті ауданында болып, бірқатар нысанды аралады. Тұрғын үйге мұқтаж отбасыларға баспана кілттерін табыс етті. Жұртты сарсаңға салған паромның жағдайын да көзбен көріп, мәселені шешуге уәде берді.
Аудан орталығы Көкпекті ауылына тізгін тартқан аймақ басшысы ол жерде көпбалалы отбасылар, жас дәрігерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар мен толық емес отбасыларға 13 баспананың кілтін табыс етті. Мұндай қуанышқа ие болған көпбалалы ананың бірі – Альфия Гусеинова. Ол – төрт баланың анасы, мектепте ұстаз болып қызмет етеді. Төрт бөлмелі үлкен жер үйді өзі таңдап алыпты.
– Өте қуаныштымын. Үйіме бақыт пен шаттық толды. Аймақ басшысына алғысым шексіз, – дейді Альфия Гусеинова.
Отбасының қуанышын бөліскен өңір басшысы үй иелерін арнайы барып құттықтап, көрімдік ретінде үлкен теледидар, балаларға екі смартфон және көптеген ойыншық сыйға тартты.
– Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді. Бүгін баспаналы болған барлық отбасыны куаныштарымен құттықтаймын,- деді облыс әкімі.

Паромның мәселесі шешілетін болды

13 отбасыға баспана кілтін табыс етті

Бұдан кейін аймақ басшысы Қызыл Ту өткеліндегі паромның жағдайын көріп, жағалауда кезек күтіп тұрған жұртшылықпен сөйлесті.
– Паромға сыймай қаламыз. Келесі рейске дейін 3-4 сағат күтеміз. Паром таңғы сағат 5-тен жұмыс істеп тұрса да, нөпір көлікті тасымалдап үлгермей жатыр. Демалыс күндері жолаушылар тіптен көп. Кейде өлім-жітімге де кешігіп қаламыз. Көпір салынады деп еді, оның соңы да сиырқұйымшақтанып кетті. Уәде қашан орындалады? – деп сұрақтың астына алған жұртшылық аймақ басшысының келгенін пайдаланып өзекті талдырған өткел мәселесіне қатысты арыз-шағымдарын айтып қалды.
– Паромның мәселесіне байланысты былтыр тапсырма бергенмін. Кейбір жауапты адамдардың салғырттығынан осындай жағдай туындап отыр. Таяуда бұл мәселеге орай комиссия құрылып, шешімін табамыз. Өткелге видеобақылау қоямыз, паромның жұмысын өзім бақылап отырамын. Ал көпірге келсек, жоба жасалып жатыр. Оның құны – 34 млрд теңге. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Алдағы уақытта оның да түйіні шешіледі, – деп түсіндірді облыс әкімі.
Естеріңізге салсақ, Ертіс өзені арқылы Көкпекті мен Күршім аудандарын жалғап жатқан аталмыш өткелде екі паром қатынайтын. Жақында оның бірі істен шығып, бір паромға қарап қалған жолаушылар күні бойы кезек күтумен келеді.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button