Қоғам

13 отбасы баспаналы болды

13 отбасы баспаналы болды

Облыс орталығының жаңадан бой көтеріп келе жатқан экологиялық таза 19-шы шағын ауданында пайдалануға берілген жаңа баспананың кілттері салтанатты жағдайда иелеріне табысталды.

Атап айтарлығы, Ілияс Есенберлин даңғылы, 6 «а» мекенжайында орналасқан тоқсан пәтерден тұратын тоғыз қабатты тұрғын үй-аймақтағы тұрғын үй құрылысының өңірлік бағдарламасы аясында салынып, іске қосылған тұңғыш баспана. Мұны еліміз бойынша баламасы жоқ бірегей жоба деп атауға толық негіз бар. Оның жобасына облыс әкімдігі, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Ертіс» ӘКК, «ВК Техногрупп» ЖШС бірлесе қатысқан.

Игілікті шараның қуанышын облыс әкімінің орынбасары Қуат Тұмабаев, «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова және мердігер компания өкілдері бөлісті. Бұл күні мәртебелі меймандардың қолынан жиыны 13 отбасы кең де жарық пәтерлердің кілтіне ие болды. Жаңа баспананың лентасы қиылып, әжелеріміз қазақы дәстүрмен шашу шашты.

Үй алғандардың бірі – облыстық ақпараттық орталықтың жетекші маманы Гүлнұр Нұрбекова (суретте). Ол «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шот ашып, біраз жылдар бойы пәтердің жарты бағасын жинақтаған. Енді міне, ауданы 70 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі баспанаға қол жеткізіп отырған жайы бар.

Өз үйіне қол жеткізгендердің арасында Өскеменнің іргесіндегі Ахмер ауылындағы облыстық балалар аулының тәрбиеленушісі Ғалия Сүлейменова да бар. Ғалия 2012 жылдан бастап облыс әкімдігінің және жоғарыда аталған банктің бастамасымен жүзеге асырылған «Мейірім» бағдарламасының аясында облыстық статистика департаменті, Ақсуат орта мектебі ұжымдарының қолдауымен бір бөлмелі пәтерге ие болды.

– Бұл – менің өмірімдегі ең қуанышты күн. Менің тағдырымды басқа арнаға бұрып, 2012 жылдан бері менің есепшотыма тоқтаусыз қаржы аударған облыстық статистика департаментінің басшысы Әлібек Алпысұлы мен оның ұжымына, өмірлік ақылшым, балалар ауылының директоры Аман Ислямовқа, өзге де барлық көмектескен адамдарға шын жүректен алғыс айтамын. Осындай тамаша үй салып берген облыс басшылығына үлкен рахмет, – деді қазір Шығыс Қазақстан облыстық техникалық-гуманитарлық колледжінде оқып жатқан Ғалия Қазбекқызы.

Сондай-ақ, Ғалияның қамқоршылары оның қуанышын еселей түсіп, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ кір жуатын машина, статистика департаменті ас үй гарнитуры мен тоңазытқыш, «ВК Техногрупп» ЖШС теледидар тарту етті.

– Бүгін арнайы келіп салымшыларымызға жаңа пәтерлер кілтін тапсыру салтанатына қатысып отырмыз. Бұған дейін 43 отбасы жаңа үйге ие болса, олардың қатарын 13 қоныс иелері толықтырып отыр. Тағы 34 салымшының төлем қабілеттілігі бағаланып жатыр. Бір айдың шамасында бұл үйге өскемендіктер толықтай қоныстанады деп сенемін. Облыс әкімдігімен құрылған өңірлік бағдарламаның, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржының арқасында тұрғындарға кілт тапсыру мәртебесіне ие болып отырмыз, – деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button