Қоғам

12 отбасы баспанамен қамтылады

Биыл Бородулиха ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша тұрғын үйлер салынып, аз қамтылған 12 отбасы баспаналы болады.

– Өткен жылы жеке құрылысшылар есебінен көпбалалы отбасыларға арнап төрт екі пәтерлі тұрғын үй салынған, – дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бейсенғали Маймақов. – Жеке құрылысшылар есебінен салынатын бір қабатты тұрғын үйлерді салу бойынша биыл жалпы ауданы 1200 шаршы метрді құрайтын екі пәтерлі 6-7 тұрғын үйдің, сондай-ақ Жаңа Шүлбі ауылында жалпы ауданы 400 шаршы метрді құрайтын бір қабатты төрт тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Жауапты тұлғаның берген ақпаратына сүйенсек, салынатын үйлердің әрбір шаршы метрі 140 мың теңгеден болса, жалпы қаржыландыру мөлшері 224 млн. теңгені құрайтын көрінеді. Бүгінгі күні баспана құрылысын жүргізетін кәсіпорындар анықталып, аудан орталығының «Орман шаруашылығы» және КСХТ тұрғын аудандарында алты тұрғын үйдің құрылысы басталып қойған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button