Қоғам

12 мыңнан астам адам спортқа ден қойған

Бүгінде Зайсан ауданының 12 мыңнан астам тұрғыны спортқа ден қойған. Аудан әкімдігінен хабарлағандай, бұл аудан халқының шамамен 32,8 пайызын құрайды.

Белгілі болғандай, қазіргі уақытта Зайсанда ел игілігіне берілген 105 спорт нысаны бар екен.

«Бүгінде Зайсан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 840 бала, ал аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығында 998 бала тәрбиеленуде. Жыл басынан бері аудан мен облыс деңгейіндегі жарыстарды ұйымдастырып өткізуге 11 миллион теңге көлеміндегі қаражат жұмсалды. Жылдық жоспарға сәйкес, қазақ күресі, волейбол, дзюдо, футбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы, үстел теннисі, еркін күрес сияқты ауданымызда кең тараған спорт түрлерінен 20-дан астам спорттық-көпшілік іс-шара ұйымдастырылып, оларға төрт мыңға жуық адам қатысты», – деп хабарлайды аудан әкімдігінен.

Зайсандық спортшылар биылғы қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында өткен облыс және республика деңгейіндегі жарыстарда ондаған жүлдеге ие болыпты. Мәселен, еркін күрестен ұйымдастырылған түрлі деңгейдегі додаларда аудан балуандары бес алтын медаль жеңіп алған екен. Сол сияқты, зайсандықтар гір спортынан өткен елішілік жарыстарда тоғыз және Әлем чемпионатында бір алтын жүлдеге қол жеткізген-ді. Бұдан бөлек, жергілікті спортшылар бокстан, қол күресінен, жеңіл атлетикадан, футбол мен қазақ күресінен жалауын желбіреткен жарыстарда да жүлдегерлер қатарынан көріне біліпті.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button