ҚоғамӨзекті

115 отбасының бизнес-жобасы мақұлданды

Облыста көпбалалы отбасылардың 115 бизнес-жобасы субсидияланған. Бұл туралы аппараттық кеңесте кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шорманов мәлім етті.
Еске салайық, бұл көмек нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілуде. Аталған бағыттағы жұмыстың орындалу барысын мемлекеттік органдармен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы да бақылауда ұстауда.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шормановтың айтуынша, өңірде көпбалалы отбасылармен кездесулер ұйымдастырылып, оларға өз ісін ашудың артықшылықтары түсіндірілуде.
– Биылғы 7 тамыздағы жағдай бойынша мамандарымыз барлығы 157 кездесу, дөңгелек үстел мен семинарлар өткізді. Оларға 2,7 мыңнан астам адам қатысты. Сонымен қатар жауапты сала мамандары 2 368 отбасына хабарласып, сауалнама жүргізді. Нәтижесінде бес мыңнан астам жерлесіміз мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы толық ақпарат алды, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, кез келген азамат жеке бизнесін ашып, грант пен шағын несиеге қол жеткізуі үшін кәсіпкерлік негіздерін оқуға міндетті. Ол үшін жұмыспен қамту орталықтарына барып, жауапты мамандардың көмегіне жүгіну қажет.
Жалпы алғанда, ағымдағы жылы кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 1 400 адам білім алған екен. Оның 125-і көпбалалы отбасылардың мүшесі. Бұдан басқа, «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 1 300 адамды оқыту жоспарланған. Қазір аталған жоба бойынша 724 жерлесіміз білім алуда. Оның ішіндегі 268 адам көпбалалы отбасылардан шыққан. Тағы 576 адам жобаның екінші легіне ілінген.
Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінге дейін облыстағы 115 көпбалалы отбасы ұсынған бизнес-жоба мақұлданып, аталған мақсатқа шамамен 143 миллион теңге көлеміндегі қаражат бөлу жоспарланған.
Облыс әкімі Даниал Ахметов аталған бағыттағы жұмыстарды жалғастыра беру керектігін айтып, құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы сонымен қатар көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту мәселесі де күн тәртібінен түспеуі керектігін ескертті. Бұл әсіресе Өскемен мен Семей қалаларына қатысты. Облыс әкімінің айтуынша, мәселен, Семейдегі отбасыларға шаһардағы «Ұшақтар» ықшамауданынан баспана беру жағын қарастыру қажет.
Аймақ басшысы Өскемен қаласының әкіміне де бірқатар міндет жүктеді. Облыс әкімі Жақсылық Омарға қаланың орталық көшелеріне жанармай құятын бекеттерді салдыруға болмайтынын айтып, ескерту жасады.
– Өскемендегі Назарбаев пен Сәтпаев даңғылдары жөнделіп бітпей жатып, қапталдарында бензин құю бекеттері пайда бола бастады. Бұл – дұрыс емес. Қаланың орталығына мұнай-газ бекеттерін орнатуға бола ма екен?! Бір жағынан, бензин құйдыруға баратындар көбейіп, кептеліс бұрынғыдан да артады. Қаланың әдемі көшелерін жанармай құю бекеттеріне айналдырудың еш қажеті жоқ, – деген облыс әкімі шаһардың орталық көшелеріндегі ЖҚС-тер санын азайту керегін айтып, қала басшылығына тапсырма берді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button