Әлеуметтік қызметтерді үйден шықпай алуға болады

2020 жылдың қаңтарынан бастап елімізде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады. Жаңа жылдан бастап мүмкіндігі шектеулі жандар оңалту қызметтері мен техникалық құралдарды жеткізіп берушінің тікелей өзіне тапсырыс беру арқылы ала алады. Бұл жағымды жаңалықты облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерболат Ошақбаев кеңінен түсіндіріп берді.
–Әлеуметтік қызметтер порталы не үшін енгізіліп отыр?
– Алдымен, біздің алдымызда ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін бірдей жағдай жасау міндеті тұрғанын айта кеткім келеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы мәселеге ерекше мән берді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет. Қазіргі күні мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау және қолдаудың кешенді шаралары заңды түрде қарастырылған. Оның ішінде төрт түрлі жәрдемақы, оңалту құрылғыларын беру қызметі, курорттық-сауықтыру ем-шаралары, жеке көмекшінің қызметі, қимыл тілі маманының қызметі және басқалар.
Автоматтандырылған ақпараттық жүйені енгізу –ерекше жандардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған шаралардың бірі. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар өзіне қажетті тауарды портал арқылы өздерінің жеке қажеттілігін ескере отырып, жеткізушіге тікелей тапсырыс беріп ала алады. Тауарды не қызметті алу енді бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл әрі жылдам болады. Мысалы, егер бұрын арнайы әлеуметтік қызметті мемлекеттік орган арқылы алу процедурасы бірнеше айға созылып, ұзақ күту қызмет алушылардың наразылығын тудырса, енді портал жұмысы іске қосылғаннан кейін бұл мерзім бір айға дейін қысқарады. Жалпы алғанда, портал қызмет алушыларға да, нарықта бірдей мүмкіндіктерге ие болған жеткізушілерге де тиімді болмақ, бәсекелестік артады. Бұл бағытта мәселелер шашетектен екені ешкімге де жасырын емес. Мемлекеттік сатып алумен алынған оңалтуға арналған техникалық құрылғылар мен қызметтер көбінде ерекше қажеттілігі бар жандардың жеке талаптарына сәйкес келмей жатады. Нарықта жеткізушілер арасындағы бәсекелестіктің төмен болуы көрсетілетін қызметтер мен оңалтуға арналған техникалық құрылғылар сапасының нашар болуына әкеп соғуда. Бұл мәселелердің барлығы да портал енгізілген соң оң шешімін таппақ. Мемлекеттік сатып алу азаяды, көрсетілетін қызметтер мен арнайы құрылғылардың сапасы артады, жемқорлық қатерлері болмайды.
Арнайы құрылғылармен жабдықтау мен оңалту қызметтерін көрсету үдерісі барынша ашық жүргізіледі. Ақпараттық жүйені енгізу «Шығыс–Адалдықалаңы» жобасының аясында жүзеге асатынын атап өткім келеді.
– Қандай қызмет түрлері автоматтандырылған жүйемен ұсынылады?
–Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар оңалтуға арналған техникалық құрылғылардың 50-ден астам түрін, арнайы әлеуметтік қызметтерді, курорттық-сауықтыру ем-шаралары қызметін, жеке көмекші мен қимыл тілінің маманы қызметтерін сатып алады. Енді осы қызмет түрлері автоматтандырылған жүйеге өтеді.
Портал қызметі екі кезеңмен енгізіледі. 2020 жылдың қаңтарында оңалтуға қажетті техникалық құрылғылардың ерекше жандарға жеке таңдауды қажет етпейтін 24 түрі портал арқылы алынады. Мысалы, термометр, тонометр, жайма, крем және басқа заттар. Қалған техникалық құрылғылар жүйеге көктемде енгізіледі. Ал 2020 жылдың жазында арнайы әлеуметтік қызметтерге, курорттық-сауықтыру ем-шаралар қызметіне, жеке көмекші мен қимыл тілі маманының қызметіне портал арқылы кол жеткізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» ақпараттық жүйесіне 2021 жылы толықтай өтеміз.
– Порталды қалай қолданады?
– Ол үшін қызмет алушыға медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жылына бір рет қана келу керек. Ары қарай бөлім ақпаратты мәліметтер базасына енгізеді де, арнайы әлеуметтік қызметтер sms хабарламаарқылы белсенді түрде тағайындалады. Бұдан кейін мүмкіндігі шектеулі адам электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы порталға кіріптіркеледі де, ұсынылған мемлекеттік қызметтер мен құрылғылардың ішінен өзіне қажеттісін, түрі мен бағасы өзін қанағаттандыратын тауарды таңдап алады да, жеткізілуін тосады. Тауардың бірнеше түрі ұсынылады. Егер қызмет алушы қымбатырақ тауарды не қызметті алғысы келсе, егер оның бағасы бюджетте осы мақсатқа қарастырылған лимиттен асып кетсе, онда қосымша өз қаражатын төлейді. Мысалы, ол алғысы келген техникалық құрылғы 60 мың теңге тұрады делік. Бюджетте бұл мақсатқа 40 мың теңге салынған, онда қалған 20 мың теңгесін тұтынушы өзі қосады.
– Бұл қызметті қанша шығысқазақстандық пайдалана алады? Ауылда тұратын, интернеті, смарт телефоны жоқ мүмкіндігі шектеулі жандар порталдың қызметін қалай пайдаланады? Оларға оңалтуға арналған техникалық құрылғыларды таңдауда кім көмектеседі?
– Бүгінгі таңда облыста 56 511 мүмкіндігі шектеулі адам болса, олардың 8 277-сі зағип жан, 13 707 адамның жүріп-тұруында қиындығы бар, 2050 адамның есту қабілеті бұзылған. Біз қазір осы бағытта белсенді жұмыстар жүргізіп жатырмыз, тізім жасалуда. Тізім дайын болған соң, жұмыспен қамту саласының қызметкерлері ерекше қажеттілігі бар әрбір жанға жеке жолығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді, автоматтандырылған жүйені қалай пайдалану нұсқаулығы жазылған бүктемелер таратады. Интернеттіқолдану қиындық туғызатындар үшін жұмыспен қамту бөлімдерінде өзіне-өзі қызмет көрсететін арнайы алаңдар ашылады, осы жерде мамандар электрондыцифрлық қолтаңба алуға және оңалту қызметтері мен техникалық құрылғыны таңдауға көмектеседі.
Әңгімелескен – Айна Ескенқызы