Қоғам

Жоғары хоккей лигасының тұрақты чемпионаты аясында елордалық «Номадпен» қатарынан екі кездесу өткізген өскемендік «Торпедо» екеуінде де жеңіске жетіп, турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Естеріңізге салайық, осыған дейін қатарынан екі ойында (альметьевскілік «Нефтяник» пен нефтекамскілік «Торостан») жеңіліс тапқан «Торпедо» алтыншы орыннан 10-шы сатыға бірақ сырғыған болатын.

Ал бұл жолғы ойындардың алғашқысында есепті торпедолықтар ашты. Өскеменде өткен кездесудің алтыншы минутында команда капитаны Александр Шинның пасын ұтымды пайдаланған шабуылшы Евгений Рымарев көзге түсті. Дегенмен қонақтар Кирилл Панюковтың көмегімен тез есе қайтарды. Бірінші жиырмаминуттық 1:1 есебімен тең аяқталды.

Ал екінші кезең бастала салысымен «Торпедо» екінші мәрте алға шықты. Шайба авторы – Сергей Шестаков.

Бұдан кейін қарсыластар бір-бірінің қақпасына оқтын-оқтын шабуылдар ұйымдастырғанымен таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. 2:1 «Торпедо» пайдасына.

Араға бірнеше күн салып қарсыластар қайтадан кездесті. Осы жолы Нұр-Сұлтан қаласында өткен ойынның тағдырын бір-ақ шайба шешті. Оны «Торпедо» шабуылшысы Дмитрий Гренц соқты. Қорытынды есеп – 1:0.

Осы жеңісінен кейін 26 ұпай жинаған «Торпедо», жоғарыда айтқандай турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді. Бүгін өскемендік команда тағы бір қазақстандық ұжыммен шеберлік байқаспақ. Жерлестеріміз Қарағанды қаласында былтырғы доданың жеңімпазы «Сарыарқа» хоккейшілерімен кездеседі. Бұл ойын кешкі сағат 19.00-де басталуы тиіс.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button