Қоғам

100 ұпай, 150 шайба

100 ұпай, 150 шайба


Өткен аптада «Торпедо» жоғары хоккей лигасы чемпионатының кезекті екі ойынын өткізді.

Ақпанның үшінде өскемендіктер Красноярскінің «Соколын» қабылдады. Ол ежелден – «Торпедо» үшін қолайсыз командалардың бірі. Бұл жолы да «Сокол» алғашқы секундтардан ойын тізгінін қолына алып, айдын иелерінің қимылына жіті бақылау жасаумен болды. Кездесудің тоғызыншы минутында «Торпедо» қақпасына шайба соғылды.

Екінші кезеңде де меймандар өскемендіктердің шабуылдарына тойтарыс бере отырып, өздері сан рет аса қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Бірақ екі қақпа да аман қалды.

Ойын осылай жалғаса берсе, жеңістің ауылы алыс емес екенін өскемендіктер үшінші кезеңде ғана еске алды. 41-минутта Коротков есепті теңестірді. Ал 45-минутта Белухин «Торпедоны» алға шығарды. Бұл екі шайба соғылуына Талғат Жайлауов үлкен үлес қосты. Оның әдемі пастарынан соң мүлт кету мүмкін емес еді. 51-минутта Игнашин «Сокол» қақпашысын үшінші рет қапы қалдырды. Бұл үш шайбаға «Сокол» бір шайбамен жауап қайтарды. 3:2 есебімен «Торпедо» жеңіске жетті.

Жексенбіде өскемендіктер Ангарскінің «Ермагын» қабылдады. Ойын бастала салысымен «Торпедо» қонақтарды қыспаққа алды. Кездесудің төртінші минутында қорғаушымыз Сауторн сан басымдығын сәтті пайдаланып, есеп ашты. Бірінші кезеңде «Ермак» қақпасына тағы екі шайба түсті. Коротков пен Рымаревтың соққыларына меймандар тосқауыл қоя алмады. Ал екінші кезеңде Рымарев пен Жайлауов, меймандардан Озолиньш қақпаларды дәл көздеді. Бұл күні «Торпедо» маусымдағы 150-ші шайбасын соқты. Оның авторы – Архипов. Кездесудің қорытынды есебі – 6:2. «Торпедо» кезекті үш ұпайға ие болып, ұпай қорын 100-ге жеткізді. Командамыз көш басында тұр. Ол екінші орындағы «СКА-Невадан» төрт, «Сарыарқадан» бес ұпай алда келеді.
Жарыс аяқталып келеді. Командалар енді төрт ойыннан өткізеді. «Торпедоның» қарсыластары – «Буран», «Рязань», «СКА-Нева» және «Звезда». Бірінші орынға талас әлі біткен жоқ. «СКА-Невамен», «Рязаньмен», «Звездамен» кездесулер оңай болмайды. Питерліктер бірінші орыннан үмітті болса, қалған екеуі плей-оффта қалу үшін күреседі. Сондықтан «Торпедоны» өте шиеленісті ойындар күтіп тұр.

Қарағандының «Сарыарқасы» соңғы екі кездесуде бір ұпай жоғалтты. Ол «Ермакты» 3:0 есебімен жеңген. Ал «Соколмен» ойында негізгі уақыт та, овертайм да жеңімпазды анықтамады. Алты буллиттің біреуі ғана нәтижелі аяқталды. Оны «Сарыарқа» соғып, жеңіске жетті. Қарағандылықтар енді төмендемейтіні белгілі. Қалған төрт ойынды ол да өз айдынында өткізеді. Сондықтан кестеде жоғары көтерілуге мүмкіндігі бар. Ол екінші орындағы «СКА-Невадан» небәрі бір ұпай қалып келеді. Ал «Торпедодан» бес ұпайы кем. Егер алдағылар сүріне қалса, «Сарыарқаның» оларды басып озуы да мүмкін.

Қазір ЖХЛ-дың плей-оффына тоғыз команда жолдама алып отыр. Қалған жеті орын үшін тартыс өте қызық болмақ.

КХЛ-да да алғашқы сегіздікке ену үшін күрес шарықтау шегіне жетті. Астананың «Барысы» өткен аптада Минскі мен Риганың «Динамо» командаларын ұтып, Шығыс конференциясында бесінші орынға орнықты. Алтыншы, жетінші, сегізінші орындардағы «Куньлунь», «Адмирал», «Салават Юлаев» командалары 4-5 ұпай қалып келеді. «Сибирь» мен «Нефтехимик» те сегізінші орынға үмітті. Ал Уфаның «Салават Юлаевы» биыл плей-оффқа ілінбей қалу қаупі бар. Ол сегізінші орында тұрғанымен, бір ойыны артық. Ал «Сибирь» одан үш-ақ ұпай кем алып отыр.

КХЛ чемпионаты 18-ақпанда аяқталды. «Барыс» өз айдынында «Сибирь», «Металлург» (Новокузнецк), «Авангард» командаларын қабылдайды. Қытайлықтар сырт айдындарда «Витязьбен», «Локомотивпен», Мәскеудің «Динамосымен» кездеседі. «Барыстың» негізгі қарсыластарының алдағы ойындары оңай емес. Сондықтан астаналықтар қазіргі орнын сақтап қалар деген үміттеміз.

Ж.Әбенов.

Осы айдарда

Back to top button