100 нақты қадам жұдырықтай жұмылуға міндеттейді
Кеше облысымызға Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА екі күндік іссапармен келді. Іссапардың алғашқы күнінде Мемлекеттік хатшы ол облыс әкімі Даниал АХМЕТОВПЕН бірге Ата Заңның 20 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, бірнеше әлеуемттік нысанды аралады.
Облыстық сот ғимаратында өткен бұл конференция «Қазақстан халқының 100 нақты қадам аясындағы біртектілігі мен бірлігі» деген тақырыпқа арналды. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Конституциялық Кеңес мүшесі Виктор Малиновский, құқық қорғау және қадағалаушы органдардың басшылары, ЖОО ректорлары, мемлекеттік орган басшылары мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ биылғы жылдың мерейтойларға толы болуымен қатар, маңызды саяси бағытқа жол ашылған ерекше тарихи кезең ретінде тарихта қалатынын атады. Бұл жаңа бағыт бүкіл Қазақстан қоғамы бірлесіп, белсенді атсалысқанда ғана жүзеге асатынын ескертті.
– Конститутция – біздің көпұлтты мемлекетіміздегі азаматтардың құқық теңдігін қамтамасыз етудің мызғымас кепілі. Елбасы таңдап берген бірлік жолы – біздің болашаққа құйған негізгі инвестициямыз десе де болады. Көпұлттылығымен ерекшеленетін біздің облыс та Елбасы нұсқаған жаңа міндеттерді іске асыру үшін біртекті қоғам ретінде жұмылуға дайын, – деді аймақ басшысы.
Игі істер шеруінде көш бастадық
Бұдан кейін сөз алған Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА екі күндік сапар барысында арнайы жұмыс тобымен облыс жұртшылығына 100 нақты қадамның мүмкіндіктерін жіктеп түсіндіретіндерін жеткізді.
– Бұл форумның тақырыбы Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ алдымызға қойған орасан зор міндеттерімен өзекті. Мемлекет басшысы бастама етіп көтерген бес институционалдық реформа Қазақстанның жаһандық, өңірлік және ішкі сын-қатерлерге дер кезіндегі және кешенді жауабы болып табылады. Президентіміз айтқандай, ұлы реформаларды бастай отырып, біз Мәңгілік Елге жол саламыз. Біздің облысқа келудегі мақсатымыз да болып жатқан өзгерістерді халық арасында түсіндіру болып табылады, – деген Мемлекеттік хатшы 2050 жылға дейін дамыған елдердің үздік отыздығына енудің барлық шарттары Елбасы нұсқаған 100 қадамда көрініс тапқанын атады. Бес институционалдық реформаның бірі – біртекті ұлтын қалыптастыруға негізделгені белгілі. Бұл реформаны жүзеге асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясына негізгі рөл беріліп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін дайындап, «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты Ассамблеяның ауқымды жобасы мен «Менің елім» атты азаматтық біртектілікті нығайту жобасын жүзеге асыруды, «Жалпыға бірдей еңбек қоғамы» идеясын тарату жөнінде жоба дайындауды, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруды міндеттеп отыр. Сондай-ақ, Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА әлемдегі біртекті қоғам үлгілерінің ішінде Қазақстандық модель көпқырлылық бірлігі арқылы ерекшеленетінін жеткізді. Халықты біріктіруші негізгі принциптер «Халық және Елбасы», «Мәңгілік Ел» ұғымдарымен астасуда. Мемлекеттік хатшы Шығыс Қазақстан облысы жұртшылығының бұл бағытта өзгелерге үлгі боларлықтай еңбек етіп жатқанын айырықша атады.
– Шығыс Қазақстан Елбасының қоғамдық келісім мен ұлттар татулығы жолындағы сарабдал саясатын тиімді жүзеге асырудың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Сіздер бастама етіп көтерген «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» атты жалпыұлттық жоба бүгінде бүкіл республиканы қамтып отыр. Ассамблея жылы аясында бұл өңірде әрбір төртінші тұрғынды қамтыған 2600 шара өткен. Ал «20 игі іс» акциясы аясында облыс жұртшылығы 886 млн. теңгенің әлеуметтік көмегін көрсетіп, республика бойынша рекорд жасады. Бұл шығысқазақстандықтардың әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне аса сергек қарайтынын аңғартатын жайт. Облыста өз елінің нағыз патриоттары тұрады. Сондықтан 100 нақты қадамды жүзеге асыруда бұл өңірдің алдыңғы қатардан көрінетініне сенім бар, – деді Мемлекеттік хатшы.
Бұдан кейін Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Конституциялық кеңес мүшесі Виктор Малиновский, облыстық сот төрағасы Досжан Әміров, кәріс этномәдени бірлестігінің мүшесі Наталья Тегай, «Зубр» әлеуметтік қорының өкілі Юлия Натарова сөз алып, институционалдық реформаны тиімді жүзеге асыру жөнінде өз ұсыныстарын білдірді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытындысы бойынша қоғамдық саланың барлық өкілдеріне нақты ұсынымдар жүктелді. «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің идеяларын ілгерілету мақсатында өңірлік және халықаралық деңгейде тілдесу алаңдарын құру, толеранттылықты нығайтуға қоғамдық келісімді сақтауға, мәдени-туристік кластерді дамытуға жастарды көптеп тарту сынды бағыттарға басымдық беру идеясын қатысушылар бірауыздан қолдады.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында келешегі бұлыңғыр ауылдан облыс орталығына қоныс аударған отбасылардың жағдайымен танысты. Бүгінде №19 ықшам ауданда тұрып жатқан Мадина есімді жалғызілікті ана шешесімен және екі баласымен бірге Зайсан ауданының Сарши ауылынан аталған бағдарлама бойынша қоныс аударған. Ол осындай мүмкіндік сыйлаған мемлекетке алғысын білдірді. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айжан Садықова жұмыс күшін тарту мақсатында Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстарынан 97 отбасы көшіріп әкелінгенін жеткізді. Бүгінде облыстың еңбек ресурстары тапшы аудандарына көшіп келуге ниетті кез келген отбасы қоныстанудың электронды картасына ғаламтор арқылы өтініш жолдай алады. Айжан Садықова баспана мәселесі шешілсе, Риддер, Тарбағатай, Көкпекті және Ұлан аудандарына әлі де жүздеген отбасыларды қабылдауға дайын екендерін айтады. Ол үшін республика бюджетінен тұрғын үйлер салуға 6,8 млрд. теңге бөлу қажет.
Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА облыстық қан орталығында да болып, апараттардың мүмкіндігіне, қызметкерлердің жұмысқа деген ынтасына назар аударды. Бұл орталықта жалғыз тромбациттің бес мың дана дозасын сақтау мүмкіндігі бар. Арнайы құрылғы оны 10 жыл көлемінде карантинге сақтай алады. Мұндағы адамнан қан қабылдау, оны сараптау аппараттарының барлығы автоматтандырылған. Әсіресе, қанды банкке жөнелту және сұрыптау қызметі адам факторының қатысынсыз өтуіне баса көңіл бөлінген. Орталық мамандары мұндағы жоғары технологиялы құрылғылар қан қажеттілігі бойынша облысты артығымен қамти алатынын айтты. Мемлекеттік хатшы мұндай мүмкіндікпен республикалық деңгейде қызмет көрсетуге болатынын атап, біртіндеп өзге өңірлерді де қамту керек деген пікірін білдірді.
Оралхан Бөкей атындағы №44 қалалық мектеп-лицейінде Мемлекеттік хатшыға білім беру және әлеуметтік қорғау саласындағы ауқымды жобалар таныстырылды. Білім ғимаратын аралау барысында облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ пен Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА оқушыларды тегін тамақпен қамту, ҰБТ-ның мүмкіндіктері, ағылшын тілін тереңдете оқыту тақырыптары бойынша ұстаздармен пікір алмасты. Білім ошағының жаңа оқу жылына дайындығымен, «Мәңгілік Ел» идеясының мектеп қабырғасында дәріптелуімен, лицейдің түрлі жетістіктерімен танысқан Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА мектеп мұражайының қонақтар кітабына естелік-тілегін қалдырды.
Әйелдер қауымының белсенділігі жоғары
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА облыстың белсенді қыз-келіншектерімен жүздесіп, шығысқазақстандық нәзік жандардың өңірімізді дамытуға қосып жатқан үлестері төңірегінде әңгіме қозғады. Гендерлік саясаттан бастап отбасылық құндылықтар, балаларды рухани тәрбиелеу сияқты мәселелер көтерілген жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
– Қазір ел көлемінде Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлттық жоспарын түсіндіру және насихаттау, талдау жұмыстары жүріп жатқанын жақсы білесіздер. Осы шараның аясында облысымызға арнайы келген Мемлекеттік хатшы Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА аймағымыздың белсенді азаматшаларымен кездесіп, пікір-ұсыныстарыңызды тыңдамақ. Біздің қыз-келіншектер қоғамымызда болып жатқан айтулы оқиғалардан тыс қалып көрген емес. Бүгінгі басқосуға аудандық, облыстық мәслихаттың депутаттары, өңірде гендерлік саясаттың жүзеге асуына үлес қосып жүрген белсенділер қатысып отыр. Осы жиын қатысушылар үшін жаңа идеяларын ортаға салу үшін өте пайдалы алаң болады деп ойлаймын, – деген Жақсылық Омар сөз тізгінін Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВАҒА берді.
Мемлекеттік хатшы шығысқазақстандық әйелдердің әлеуеті өте жоғары екенін, қоғамдық өмірде үнемі белсенділік танытатынын айта келе, өзін алаңдататын мәселелерге де тоқталды.
– Экономикалық дағдарыс әйел адамдардың қоғамдық өмірге бұрынғыдан да белсене араласуын талап етеді. Біз қиын-қыстау кезеңде өз қатарымызға нәзік жандарды көптеп тартумен айналысуымыз керек. Алайда, соңғы кезде жас қыз-келіншектер арасында жұмыссыздықтың белең алғаны байқалады. Облыстық статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл көрсеткіш 2014 жылы 4,7 болса, биыл 5,8-ге жеткен. Бұл мәселе ерекше бақылауда болуға тиіс. Сіздерде осы олқылықты толық жоюға мүмкіндіктер жеткілікті. Қазақстан таяуда ғана ДСҰ-на кірді, бұл бізге жаңа талаптар қояды. Әйелдерді бизнес саласына тартуда қыруар жұмыстар күтіп тұр, – деді Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА.
Мемлекеттік хатшы егер бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кірем десек, отбасының саулығына ерекше назар аудару қажеттігін де айтты. Отбасылық құндылықтарды насихаттау үшін «Мерейлі отбасы» сияқты байқауларды өткізудің маңызы зор. Балалардың бойында еңбекке деген қажеттілікті қалыптастырып, жастайынан үлкенге құрмет көрсетуге баулу қажет.
Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА саналы ұрпақ тәрбиелеуде балалардың рухани-моральдік тәрбиесін назардан тыс қалдырмау қажеттігін ерекше атап өтті. Отбасылық иституттың рөлін арттыру қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда шаңырақ көтергендердің 37 пайызы ажырасып кететіні анықталған. Мемлекеттік хатшы облыста тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың белең алғанына мысал келтірді. Үстіміздегі жылдың жарты жылында ғана өңірде осындай 37 факті тіркелген.
– Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияға күнде жүздеген хаттар келіп жатады. Ал облыстық деңгейдегі комиссияға бір де бір шағым келіп түспеген. Яғни, сіздерде кері байланыс жоқ деген сөз, бұл көңіл көншітпейді. Осы бағыттағы жұмыстарды ширата түсу керек сіздерге. Кейбір облыстарда әйелдер мәселесімен жұмыс істейтін дербес хатшылар, тіпті, әкімнің орынбасарлары да бар, – деген пікір білдірді баяндамашы.
Осындай келелі мәселелер сөз болған алқалы жиында жерлес қыз-келіншектер өздерін толғандырған көптеген мәселелерді ортаға салды.Облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау мәселелері бойынша сараптама комиссиясының төрайымы Татьяна Чернышова биылғы оқу жылынан бастап мектепте ұзартылған күн тәртібінің қысқаруына байланысты жұмыс істейтін әйелдердің енді үй мен жұмыстың ортасында шарқ ұруға мәжбүр болатынын қынжылыспен жеткізді. Сонымен қатар, қолайсыз отбасылардың білікті психолог мамандардың жоқтығына шағымданғандарын айтып, балалардың құқын қорғау бөлімін қайта ашу жөнінде ұсыныс білдірді. «Статус» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ирина Унжакова мектеп жасынан гендерлік ілімді енгізу жайындағы пікірін ортаға салса, облыстық мәслихаттың депутаты Нұржан Түсіпова жаңа Еңбек Кодексіне сай еңбек шартының бұрынғыдай мерзімсіз емес, енді екі жыл сайын ұзартылатынына қынжылыс білдірді. Депутаттың ойынша, бұл жас мамандардың уақытында тұрмыс құрып, бала сүюіне кедергі келтіреді, демек, еліміздің демографиялық ахауалы нашарлап кетуі мүмкін.
Көкпектілік Әлия Мұқашева зейнеткерлік жасына жеткен , оның алдында тұрған әйелдерге мемлекеттік бағдарламалардың аясында шағын және орта бизнесті дамыту үшін несие алу қиын екенін жеткізді. Екінші деңгейлі банктер мемлекет көрсеткен 15 пайыз емес, 30-36 пайыз көлемінде алғашқы жарна төлеуді талап етеді екен.
Кездесу соңында Гүлшара ӘБДІХАЛЫҚОВА барлық ұсыныс-тілектерді жан-жақты зерттеп, тиісті орындарға жеткізетінін айтты.
Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы этноауылда, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафты мұражай-қорығында болды.
Есімжан Нақтыбайұлы,
Айна Ескенқызы