Қоғам

10 айда 10 мылтық тәркіленді

10 айда 10 мылтық тәркіленді

Облысымыздың жалпы аумағы 28,3 млн. гектарды құрайды. Соның 1,6 млн. гектары аң аулауға жарамды. Аңшылар үшін кеңістік үлкен болғанымен, облыс табиғи аймақтары сан түрлі, күрделі рельефтерден құралған.
Өңірдің бүкіл аумағында сүтқоректілердің 94 түрі, құстардың 335 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 12 түрі, қосмекенділердің үш түрі кездеседі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар әлемін сақтау ісіне үлкен көңіл бөліп, нақты шаралар ұйымдастырып келеді. Бұл істе басқармаға бағынышты 13 мемлекеттік мекемеге қоса облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет жасағы» мекемесі құрылып, жемісті жұмыс істеуде. Қарамағында көлік паркі, табельді қару мен арнайы байланыс құралдары бар бұл ұйым аң ауланатын жерлердегі заңсыздықтармен күреседі. Осыдан бір ай бұрын жүргізілген жедел тексеріс шараларының арқасында Көкпекті аудандық ішкі істер қызметкерлері орман және аңшылық шаруашылығының жедел әрекет жасағының инспекторларымен бірге Қалба сілемдерінің етегіндегі «Дмитриевка» учаскесінен рұқсат құжаттарынсыз көлікпен елік атқан Өскемен қаласының тұрғынын қолға түсірді. Аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
Облыс аумағындағы Қазақстанның Қызыл кітабына енген жануарларды қорғауға «Охотзоопром» коммуналдық кәсіпорнының алты инспекциялық тобы да тартылған. Олар да жолға ыңғайлы көлікпен, байланыс құралдарымен, қызметтік қару-жарақпен және бағдарлау құралдарымен қамтылған.
Тамыз айында аталмыш кәсіпорын ұйымдастырған рейдтер кезінде Тарбағатай ауданының Екпін ауылына кіреберісте УАЗ маркалы автокөлігі тексеріліп, ИЖ маркалы, 16 калибрлі аңшы мылтығы мен екі қап арқар еті тәркіленді. Бұл іс те қылмыстық тексеруге жөнелтілді.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторлары да табиғатты қорғау заңнамасын бұзу оқиғаларын анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп отыр. Ағымдағы жылдың 10 айында жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің инспекторлары 92 рейд өткізіп, 21 заңбұзушылықтың бетін ашты. Әкімшілік бұзушылықтар туралы хаттамалар жасалып, заңбұзушылардан 10 дана аңшы қару тәркіленді.
Қателік көп жағдайда аңшылық ережелері мен учаске шекараларын білмеудің салдарынан болады. Облыс бойынша 33 бекітілген аңшылық қожалығы бар және 16 аңшылық қожалығы резервтік қорға алынған.
Әуесқой (спорттық) аңшылыққа шығу үшін қолда мынадай құжаттар болуы керек: аңшы куәлігі; жануарлар дүниесін пайдалану рұқсаты; аңшылық қожалығы субъектісіне жолдама; жеке тұлғаларға азаматтық қару мен оның оқ-дәрісін ұстап сақтауға рұқсат беретін құжат; аңға салатын қыранның төлқұжаты.
2015 жылдың маусымында Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығымен бекітілген аңшылықтың жаңа ережелері заңдық күшіне енді. Сонымен қатар, ережелерге браконьерлікпен күресу мақсатында қажетті өзгерістер енгізілді. Сондықтан аңға шығар алдында қаруды сайламас бұрын, жаңа ережелермен мұқият танысу қажет.

Ерік Дайырбаев,
облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы

Осы айдарда

Back to top button