Қоғам

№10 автобусты күткен жұрт көп

№10 автобусты күткен жұрт көп

Өскемендегі «Бабкина мельница» ықшамауданына қатынайтын автобустар араға жарты сағат, бір сағат салып келеді. Тұрғындар жұмыстарына, оқушылар сабақтарына кешігеді. Бұл – аталмыш ықшам аудан халқының ең түйткілді мәселесі.
Бір топ халық аялдамада №10 автобусты күтіп тұр. Бәрі асығыс. Жарты сағаттан кейін ырғалып келе жатқан әлгі автобустың қарасы көрінді-ау. Не себепті автобус кешігіп келгенін сұраған жолаушыларға кондуктор мандытып жауап бермеді. Жолаушылар ашулы.
− Ауруханаға қаралып жүргеніме үш ай болды. Күнделікті осы автобуспен жүремін. Дәрі ектіргеннен кейін тынығу керек, ал мен суық күндері 10-шы автобусты күтіп тұрамын. Ем қонды дегенше, қайта ауырып қаламын. Автобус паркіне неше мәрте қоңырау шалсам да, олар жауап бермеді, – дейді зейнеткер Гүлдара Жұмаханова.
Мәселенің шешім табарынан халық күдер үзген. Зейнеткер Людмила Николаевнаның айтуынша, үлкен айналым жасағанымен, автобустың сағаттап жоғалуы ешбір ақылға сыймайды.
Бірақ «Ивушка» – «Темір жол көпірі» бағытында №10 автобус таңертеңгі сағат 6.30–10.30 аралығында бірінен кейін бірі толассыз жүреді. Ал түстен кейін №10 автобусты қаланың қай аялдамасынан күтсеңіз де кешігеді. Кейде автобус «Бабкина мельницаның» соңғы аялдамасы мен Астафьев аялдамаларында 15 минуттай еш себепсіз тұрып алады.
№10 бағдарда жолаушылар тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі шарт 2015 жылдың 8 наурызынан бастап «Марат М» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған. Жұмыс күндері сегіз, ал демалыс күндері алты автобус жолаушыларға қызмет көрсетуге шығады.
− Аталмыш тасымалдаушының автобустары көрсетілген бағытта 97,26% тұрақты жүреді. №10 автобустың қозғалыс кестесі қалыптасқан. Қозғалыс аралығы – 13 минут, қарбалас уақытта – 26 минут. Техникалық ақауға байланысты автобустардың желіден шығуы қозғалыс аралығының 50-60 минутқа дейін созылуына әкеп соғады. Мұндай жағдайлар соңғы кездері өте аз болды. Жолаушы тасымалын басқару орталығы барлық маршруттарға бақылау және тексеру рейдтерін жүргізіп тұрады. Алайда, «Бабкина мельница» аумағында 15-20 минуттан себепсіз тоқтап тұру жағдайлары анықталмаған, – дейді Өскемен қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Азамат Нығматов.
Жолаушылар мен құзырлы органдардың кереғар көзқарастарынан кейін бұл мәселеге тікелей жауапты «Марат М» ЖШС директорына осы мәселе бойынша сұрау салдық.
− Автобустың жүру жиілігі үстіміздегі жылдың қаңтарында 97,5% құрады. Қозғалыс кестесі жолаушылар ағымы негізінде әзірленген, – дейді «Марат М» ЖШС-нің директоры Әли Мусин.
Десек те, сегіз-ақ №10 автобус аздық етеді. «Бабкина мельница» тұрғындарының аталмыш бағыттағы автобустардың саны артса немесе осы аумаққа қатынайтын басқа да маршруттар іске қосылса деген бұйымтайлары бар. Қала әкімдігі бұл мәселеге бейжай қарамайды деген үміттеміз.

Назерке Серікбек
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button