№1 мектеп Шәкәрімнің есімі иеленді
Кеше Өскемендегі №1 мектепке Шәкерім Құдайбердіұлының есімі берілді. Бұл қазақ руханиятының жоғын жоқтап жүрген қала жұртының көптен күткен арманы болатын.
Шәкерім Құдайбердіұлының атына Өскемен қаласынан бір көше беру мәселесі бұдан бұрын бұқаралық ақпарат құралдарында сан мәрте көтеріліп, Кенді Алтайда өткен аламан айтыстарда талай ақынның сөзіне тұздық болған. Ұлттың ұлы мұраты жолында отыз жыл құр құдықта жатқан біртуар ғұламаны облыс орталығында ұлықтаудың сәті енді туып отыр.
№1 мектеп ұжымы бұл жұмысты он екі жыл бұрын қолға алған екен. Бірақ бірнеше жылға созылған «Топонимикалық атауларды қайта атауға» байланысты жаряланған мораторий бұл істің де аяғына тұсау болып келіпті.
– Біз бұл есімді алу үшін көп жұмыс істедік. Шыңғыстаудың ғана емес, бүкіл қазақтың үш шыңының бірі саналатын Шәкерімнің есімін алу – біз үшін үлкен абырой, – деді мектеп директоры Райхан Исанова.
Ақынның есімін иеленген бұл білім ордасы – 600-ден астам оқушысы бар қаладағы беделді қазақ мектептерінің бірі. 2000 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастаған. Осындай іргелі оқу орны ұжымының қуанышты бөлісе келген қалалық білім бөлімінің басшысы Мәдениет Ахметова:
– Оқушылар мен мұғалімдерді Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп жатқан осы қуаныштарымен құттықтағым келеді. Жалпы, қалада тоғыз қазақ мектебі бар.
Бұл – өте аз. 35 мыңға жуық оқушының 15 мыңы қазақ тілінде білім алады. Өзім осы салаға келгелі бірнеше мектептің аралас тілде білім алуына ықпал еттім, – деді.
Қонақтардың құттықтау сөзінен кейін мектеп оқушылары Шәкерімнің ар ілімін ұстануға, мол мұрасын насихаттауға, шежірелі ғұмырын терең зерттеуге, адамдық, ізгілік ойларын жалғастыруға, артта қалдырған аманатын орындауға ант қабылдады. Сондай-ақ, ақынның «Сұраған жанға сәлем айт» әнін орындады.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры, абайтанушы ғалым Айжан Картаева оқушыларға Шәкерім әлемі жайында тұшымды лекция оқып, мектеп ұжымын өздерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге шақырды. Сонымен қатар, Шәкерім әлеміне енді қадам басып жатқан мектеп ұжымына Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбайұлы туралы жазылған кітаптарын сыйлады.
Сондай-ақ мектепте ғұламаның ілімін тереңдетіп оқытатын Шәкерім атындағы арнайы сынып ашылды. Мәдениет Ахметова, ғалым Айымгүл Сейпутанова тұсауын кесті бұл сыныптың. Сөйтіп, ұрпақ үшін артына ұлан-ғайыр еңбек қалдырған ғұлама, ғалым Шәкерім Құдайбердіұлына Алғыс айту күні өскемендіктер осылай алғысын айтты. Бұл шара болашақ үшін игі бастама болып отыр. Аманшылық болса, қаладағы қазақ мектептерінің тағы бірнешеуі ақындар мен ғұламалардың атын иеленбек.
Мұратхан Кенжеханұлы