1,5 миллион теңге табыстады

Аягөз қаласындағы бір отбасында газ баллоны жарылып, ашық аспан астында баспанасыз қалғаны жайлы жазған едік. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев кенеттен болған апат салдарынан бастарындағы шаңырағынан айырылған отбасына жұртшылық болып жұмылып жиған 1,5 миллион теңге қаржының сертификатын табыстады.
Айта кетер болсақ, жарылыстың күшті болғаны соншалық, қабырғалар опырылып, тұрғын үй жарамсыз болып қалған. Аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы баспанасыз қалған жанұяның үй алуына жәрдемдесу мақсатында комиссия құрған болатын. Жарылыстан зардап шеккен отбасына баспана алып беру үшін тұрғындар «Аягөз Болашақ» қорына қаржы аударған-ды.
-Шынында, мұндай кенеттен келген апат өте ауыр болатыны рас. Бұл бәріміздің басымызға түскен сынақ десе болады. Сондықтан ел болып, жұрт болып, көмек қолын созу – біздің азаматтық борышымыз,-дейді аягөздіктер.
Естеріңізде болса, осыдан екі ай бұрын аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев бас болып, тағы бір баспанасыз қалған жанұяны үймен қамтамасыз еткен еді.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.