Қоғам

Спорт алаңын салып жатыр

Спорт алаңын салып жатыр


Қазіргі кезде Шәкәрім мен Ибежанов көшелерінің қиылысындағы көптен бері бос жатқан ашық алаңқайда жұмыс қызып тұр. Тракторлар тынымсыз гүрілдеп, құрылысшылардың қимылдары күн өткен сайын ширай түсуде.

Біз осы шаруаға басшылық жасап жүрген, жас та болса жігерлі азаматпен сұхбаттасуға ниеттеніп, қолға алған істерінің ілгері болуына тілектестік білдірген едік.

-Рақмет, аға, рақмет, – деп жылы шыраймен сәлемдескен ұзын бойлы, қапсағай денелі жігіт өзін Баймұхамбетов Алматпын деп таныстырды. Ол осы құрылысты жүргізіп жатқан «ЕРА-Құрылыс» ЖШС-нің директоры болып шықты.

-Мына алаңқайда көп ұзамай спорт жарыстары қызатын болады, – деп жымияды Алмат Омарбекұлы. – Біз бұл араға шағын футбол алаңын саламыз. Тендерді Күршім ауылдық округі арқылы жеңіп алып, жұмысқа кіріскенімізге көп болған жоқ. Келісімшарт бойынша құрылысты осы маусым айының соңына дейін аяқтауға тиіспіз. Өзім бірер күнде Алматыға аттанбақпын, алаңның табанына төселетін жасанды газон сатып әкелемін.

Оның айтуына қарағанда, негізгі құрылыс аяқталғаннан кейін алаңқайдың келесі бөлігінен воркаут – балалар спортпен айналысатын арнайы алаңша салынбақ. Онда денешынықтыруға, бұлшық етті жетілдіруге қажетті барлық снарядтар орнатылатын болады. Барша қауым үшін есігі айқара ашық тұратын осы спорт алаңы жасөспірімдердің босқа сенделіп жүрмей, бір мезет бойларын сергітіп, қандарын таратуы үшін шынымен қолайлы да ыңғайлы орынға айналады.

-Атқарылатын жұмыс үшін бөлінген 9 млн. теңге қаржыны уақтылы игеруге күш саламыз, – деп сөзін жалғады Алмат. – Бригадамызда алты адам бар, олардың әрқайсысы өз ісін жетік біледі. Техникамыз бабында, демек, жүктелген міндет үдесінен шығу үшін бізде барлық жағдай бар.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button