КәсіпкерлікОтандық өнім

Саят Бауыржанұлы, кәсіпкер: Басты мақсатым – өзіміздің брендті жасау

Бүгінгі таңда шағын өнеркәсіпті дамыту басты мақсаттың біріне айналып отыр. Бұл салаға мемлекет тарапынан жасалатын қолдау да жыл санап артып келеді. Бар мүмкіндікті кәдеге жарататын кәсіпкер жастардың қатары да көбейді. Солардың бірі – өзі тігінші, өзі дизайнер әрі кәсіпкер катонқарағайлық Саят Бауыржанұлы.
Біз барғанда тағы бір тапсырысын алған Саят Бауыржанұлы өз цехында алдына жайып қойған материалын кесіп-пішіп жатыр екен. Істің қыр-сырын әбден меңгерген ісмер жігіт сөзге де шорқақ еместігін байқатты. Шешен сөйлемесе де сауатты әрі білімді кәсіпкердің білері көп болғандықтан сөзден тосылмады. Қолындағы қайшысын қайшылай тұрып, кәсіпкер үшін бүгінгі қоғамның қайшылығы да, тиімді тұстары да бар екенін тілге тиек етті.

– Біраз жыл бұрын Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп қайттым. Ол елдің енді өркениеті де, ойлау жүйесі де бізден бөлек қой. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей шетке шықсаң көп дүниені көзің шалады екен. Менің ол жақтан бір байқағаным өздерінің брендтері көп екен. Неше түрлі дүниелерді, киімдерді өздері тігіп бренд ретінде сатып жатыр. Сол жолы маған неге өзіміздің брендті жасамасқа деген ой туды. Сол ойдың жетегімен осы іске кірістім десем болады. Бірақ бұл тігіншілік менің бала күннен қызығушылығымды арттырған өнер болатын. Бойдағы бар өнер мен арман-мақсат ұштасты десек болатын шығар. Өйткені мен бала күннен өзіме киім тігіп киетінмін. Қазір де киімдерімді тігіп киемін. Тіпті, кейде достарыма да куртка тігіп беріп жүретінмін. Бұл бойда бала күннен қалыптасқан әдет еді. Әкем етік тігетін, шешем киім тігетін. Сондықтан біржағы бұл маған отбасынан берілген тәрбиенің нәтижесі деуге болады, – дейді Саят Бауыржанұлы.

Ата-анадан ұққанды арманмен ұштастырып, кәсіппен тамырластырудың өзі талантты қажет етері анық. Біз жас кәсіпкердің талантты екеніне істеп жатқан ісіне қарап куә болып қайттық.

Брендтің атауы – «ALTAY OUT WEAR»

Саят кәсібіне туризмді тетік етіпті. Алтайдың таулы өлкесі мен тамаша табиғатын өз брендінің атауына арқау еткен. Киімдерінің көбі тау-тасты аралап, орман-көлді жағалап жүріп қайтам деген туристерге, табиғат тамашалаушыларға арналған. Тек дала үшін емес, қала үшін де қолайлы киімдер мен сөмкелер тігіп береді екен.

– Жалпы кәсіпкердің жоспары мен жұмысы бір жыл алға жүру керек. Ол айналымды экономиканы талап етеді. Мен биыл кредитті жайырақ алғандықтан күзгі маусымға киімдерімді дайындай алмай қалдым. Мысалы, жаздың киімін қыста, қыстың киімін жазда тігіп дайындап тастауың керек. Бірақ бұйырғаны болып жатыр. Жаз айында 80-90 шамасында шалбар және өзге де тігілген киімдер, рюкзактар сатылды. Алматыда бір дүкенмен сауда-саттық келісім жасағанбыз. Сонда жіберіп тұрамыз. Шымкент жақтан көбірек тапсырыс аламыз. Инстаграм арқылы тапсырыс қабылдап, алушыға жібереміз. Мысалы, жуықта Грузиядан екі альпинист мен тіккен рюкзакқа тапсырыс берді. Алған соң кері байланысқа шығып, тағы да тапсырыс беретіндерін айтты. Олар біздің брендті бірнеше альпинист отырып талқылап ұнатқандарын және қандай өзгерістер жасап тігіп беру керектігін де ұсынды. Осылай басқа адамдардың да иядеяларын қабылдайтын кез болады. Бренд қалыптастырамын деп қолға алғандықтан барынша сапа мен әдемілікке, қолайлылыққа мән беремін. Мысалы, куртканы киіп қолды көтергенде адамның бүйірі ашылып, жеңі төмен түсіп кетпес үшін кесіп-пішу барысында барлығын есепке аламыз. Өйткені киім тау-таста жүруге ыңғайлы, ауа райына қолайлы, жылы әрі икемге келетін жұмсақ болу керек. Жоғары да айтқан сөмке де талапқа сай салмағы жеңіл, матасы мықты болса сұраныста болады. Сонда ғана бренд қалыптасады. Сондықтан да мен бірінші орынға ақшаны емес, «ALTAY OUT WEAR» брендін қоямын, – дейді кәсіпкер.

Иә, курткаларын киіп, сөмкелерін арқаға тағып көрдік. Бренд десе бренд деп атауға лайық. Киімін киіп, сөмкесін арқаға асып алып, Алтай тауын аралап қайтуға жарап-ақ тұр. Бірақ бізде мұндай әдет енді-енді қалыптасып келеді ғой. Саят та осыны тілге тиек етті. Ішкі-сыртқы туризм дамыса менің де кәсібім көркейер еді дегенді айтып қалды. Ел Президенті жуықтағы Жолдауында ішкі-сыртқы туризмді де, шағын кәсіпті де дамыту керектігін айтқанын ескерсек, алдағы уақытта «ALTAY OUT WEAR» бренді де алға озар деген үміт бар.

Жеңілдетілген несие алудың жолы қиын

Саяттың аядай ғана киім тігетін цехында үш түрлі ісмәшинесі тұр. Оларды жаз бойы тігінші студент қыз іске жаратып, біраз киім тігіпті. Енді Саят бірлі-екілі жұмысшы алуға ниетті. Бірақ ниет пен мақсатты іске асыруға келгенде қыржы қолбайлау болатын көрінеді. Жуықта ғана кепілге үй қойып жүріп алған 5 миллион теңге несие мата мен жіптен ары аспапты. Оның әуресі де көп екенін айтып қынжылды. Ондағы айтқаны алдағы уақытта жастарға жеңілдік сыйлайтын бағдарламалардың берілу жолы да жеңіл болса екен дегені.

– Мен бұл кәсіпті әуелі өз ақшаммен несие алып бастадым. Ал осы жылы жастарға жеңілдікпен беріліп жатқан 2,5 пайыздық несиені алдым. Осындай бағдарламаларды іске асыру үшін алдағы уақытта өзгеріс болса ғой деген мақсатта кредиттің берілу жайын тілге тиек ете кеткім келіп тұр. Бұл кредитті алу үшін кепіл қою керек екен. Ал енді кәсіп бастағалы тұрған жастарда кепілге қояр мүлік бола ма?! Осы жағын бағдарламаны жасағандар ойласа ғой. Мен өзім ата-анамыздың екі бөлмелі пәтерін кепілге қойып барып 5 миллион теңге несиенікредитті 2,5 пайызбен алдым. Оны алу үшін қаншама құжат жинап жоба, жоспар жаздым. Енді әбден бәрі біткенде маған ақша төлеуге арналған екі түрлі график берілді. Алғашқы 6 айдан кейін бірін, ал бірін 1 жылдан кейін төлеп бастауым керек екен. Бұл жерде негізгі сомаға жеңілдік көп қарастырылатынын да маған бастабында ескертпеді. Енді, міне, ақша қолға тиіп, керек-жарақты әкелмей жатып несие төлеуді бастап кететін сияқтымыз. Несие беруші мамандар осындай ішкі артықшылықтары мен кемшіліктерін алдын ала түсіндіріп отырса артық болмас еді. Ал 5 миллиондық грантқа екі рет өтініш беріп көрдім. Екеуінде де өтпей қалдым. Енді тағы бір рет қатысып көрсем бе деп отырмын. Осындай жеңілдіктерге қол ілініп кетсе, кәсібім сәл болсын алға жылжыр еді. Бір рет Астанаға көрмеге қатысып қайттым. Сол жерде ивесторлар ұсыныс жасады. Олар Алматыға барсам инвестор ретінде ақша құйып, орынжай тауып беретіндерін айтты. Бірақ ол маған тиімсіз болды. Өйткені Алматыда материалға, жұмыс күшіне байланысты тіккен киіміңнің бағасы қымбаттап кетеді. Бір жағы өзіміздің облыстың бір бренді болсын деген мақсатым, арманым бар ғой, – дейді Саят Бауыржанұлы.

Әңгіме қыза келе Саяттың ағылшын тілінің маманы екендігін естідік. Мектепте неге мұғалім болмадыңыз деген сауалымызға «қазіргі білім беру жүйесі ұнамайды» деп қысқа қайырды. Сондықтан да өзі ұнатып істейтін ісіне бет бұрыпты. Мамандығы қазіргі істеп жатқан кәсібін дамыта түсуге тіптен пайдасы тиері көрініп тұр. Өйткені тігіншінің киімдеріне шетелдік туристер де тапсырыс беретінін жоғарыда тілге тиек еттік. Киімдерінің бағасы әдеттегі брендтерін әлдеқайда арзан, сапасы шамалас. Кәсіпкер өз ісі бойынша үйретерім де, үйренерім де алда дегенді айтты. Мүмкіндік болса рюкзак тігуге арналған курс ашып, үйренем деген жастарға бағыт беруді жоспарлап жүргенін айтты.
Осылайша облыс орталығында шағын кәсіпті қолға алған кәсіпкермен аз-кем сұхбаттасып, жұмысының қыр-сырына қанық болып қайттық. Елімізде осындай шағын кәсіп дами түссе, қымбатшылық бір уақ болсын бәсеңдері анық. Өркендейміз десек өзімізде өндіріс күші болғаны абзал.

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button