Құқық

ҚОҒАМ БОЛЫП ҚОРҒАУ ҚАЖЕТ

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғау – еліміздің мемлекеттік әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл  үлкен күш-жігерді, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының жүйелі жұмысын талап ететін маңызды сала.

Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл институты өз қызметін балалардың құқығы мен заңды мүддесін қамтамасыз ету, балалардың бұзылған құқығы мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында қоғамдық негізде жүзеге асырады.

Баланың ең маңызды құқығы – оның өмір сүру құқығы. Облыстағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аксана Каленованың мәліметінше, өңірімізде бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуі мың балаға 8,7 болса, бес жасқа дейінгі балаларда бұл –  7,6. Бұл  халықаралық деңгеймен салыстырғанда өте жоғары.

Мәселен, былтыр нәресте өлімі бойынша әлем елдерінің рейтингісіне сәйкес, Гонконг, Сингапур, Жапония, Словения, Беларусь сияқты мемлекеттерде мың баланың екеуі шетінеген екен.

Балалар өлімінде жол-көлік апаттары, жазатайым оқиғалар, қылмыс және балалар суициді сияқты сыртқы себептердің үлесі басым. Сондықтан балалар арасындағы өлім-жітімді азайту міндеттерімен денсаулық сақтау саласының өкілдері ғана емес, сонымен қатар құқық қорғау органдары, білім беру және азаматтық қоғам құрылымдары да  айналысуы тиіс, дейді Аксана Каленова.

Бала құқығы жөніндегі уәкіл мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдарды жергілікті жерлердегі балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайды талдауға шақырды. Бұл мәселеде ойын алаңдары мен биік үйлердегі терезелердің қауіпсіздігі де маңызды. Балалардың биіктен құлауының алдын алу мақсатында пластик терезелердің арнайы құлыптау механизмдерінің әлеуметтік жарнамасын жасап, балалардың өз қауіпсіздігін сақтау бойынша білімі мен дағдысын кеңейту қажеттігі айтылды.

Балалар суициді мәселесіне келетін болсақ, облыста 2019 жылдан бастап мұндай  жағдайлар біршама азайғаны қуантады. Десек те еліміздің суицид бойынша әлемде жетінші орында тұрғандығын ескерсек, балалар суицидінің алдын алу жұмыстары тоқтамауға тиіс. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу да – маңызды міндеттердің бірі.

Аксана Каленова айтып өткендей, балалардың денсаулыққа құқығын жүзеге асыру бірнеше факторларға байланысты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамалық бағалауы бойынша ең маңызды фактор  салауатты өмір салты.

Бала үшін салауатты өмір салты дегеніміз  бұл  дұрыс және уақтылы тамақтану, спортпен шұғылдану мүмкіндігі, стрестік жағдайы аз, жанжалсыз орта және балалардың түрлі гаджеттерді қолдану уақытын азайту.

Бұл орайда, балаларды шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға баулу арқылы тәрбиелеудің маңызы зор.

Облыста балалардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалып, үйірмелер мен спорт секциялары көптеп жұмыс істейді. Айта кетсек, қосымша білім беру ұйымдарының желісінде 71 үйірме бар, оның 45-і білім беру жүйесінде болса, 26-сы мәдениет және спорт жүйесінде.

Оқу-ағарту министрлігі бастауыш сыныптың балаларын жүз пайыз тегін тамақпен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Мұндай қадам, оны дұрыс ұйымдастырған жағдайда көптеген аурудың алдын алатындығы сөзсіз.

Бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл институтының тағы бір міндеті – мүмкіндігі шектеулі балалардың түзету шараларымен қамтамасыз етілуін қадағалау. Мәселен, «Ғажайыптар елі» орталығында және облыс әкімінің бастамасымен құрылған «Ақ ниет» мектеп-интернатында ерекше балалар күні бойы білім алумен қатар түзету-оңалту қызметтерін де алады.

Жасөспірімдердің шылым шегу, ішімдік ішу сияқты жаман жолға түсуі еліміздегі отбасы институтының әлсіреуінен десе де болады.

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, Шығыс Қазақстан облысы ажырасу саны бойынша Алматы қаласы, Алматы және Қарағанды облыстарынан кейінгі төртінші орында тұр. Сондықтан психологиялық қызметтерді, медиатор қызметтерін дамыта отырып, отбасыларды сақтап қалу бағытындағы жұмыстарды ширату қажеттігі айтылды.

Тағы бір атап өтерлік жайт, баланы дүниеге әкелген ана бала бір жарым жасқа толғанға дейін ғана жәрдемақы алады. Ал балабақшалардың көпшілігі баланы үш жастан бастап қана қабылдайды. Сондықтан бөбекжай тобы бар балабақшаларды кеңейту қажет, –  деді Аксана Каленова.

 

Осы айдарда

Back to top button