Қоғам

Балуанға ескерткіш қойды

Соңғы жылдары спортсүйер қауым Тарбағатай өңірін «балуандардың меккесі» деп жиі атауда. Тарихына терең бойласаңыз, шын мәнінде өткен ғасырда орта жүзге аты шыққан, жаурыны жерге тимеген Әбділдәбек, Шиқара, Молдабай сынды  балуандар осы өңірде дүниеге келген екен.

Солардың  сарқыты 60-шы жылдары қазақ жастары арасынынан самбо күресінен тұңғыш КСРО спорт шебері атанған, Мәскеу қаласының екі дүркін чемпионы, Ресей чемпионы, Берлинде өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы Марат Имашев еді. Бозкілемнің сайыпқыраны Марат Имашев небары 28 жасында дүниеден озса да, артынан өшпес із қалдырды. Дүбірлі додаларда қазақ елінің намысын абыроймен қорғаған балуанның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жерлестері марқұмға арнап кеудемүсін қойды. Екерткіштің ашылу салтанатына қазақ спортының ардагерлері, Марат Имашевтің жолын қуған ақсуаттық Әлем чемпиондары Р.Қажыбаев пен Д.Ықыбаев қатысты.

Салтанатты іс-шарада сөз алған аудан әкімі С.Сәдуақасов ауданда Жастар жылы аясында көптеген игі іс қолға алынғанын атап өтті.

– Ескерткіштер ермек үшін қойылмайды, олар өскелең ұрпақтың жадында төл тарихымызды мәңгі сақтау үшін қажет. Жастар үшін осы бір ескерткіштің де үлкен тәрбиелік мәні бар деп есептеймін. Жалпы, бұл аталмыш бағытта қолға алынған соңғы шаруа емес. Алдағы жылы орта жүзге аты шыққан Молдабай балуанға еңселі ескерткіш тұрғызамыз, – деді аудан басшысы.

Кеудемүсіннің лентасын Марат Имашевтің жары Раушан Садықова мен қазақ спортының ардагері М.Керімбаев қиды. Балуанның 80 жылдық мерейтойына орай дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы облыстық турнир де өтіп, оған 100-ден астам балғын балуан қатысты. Спорт мерекесі мұнымен аяқталмады, түс ауа данқты балуанның есімімен аталатын аудандық спорт мектебінің 50 жылдық мерейтойы аталып өтті. Оған Марат Имашевтің шәкірттері Б.Оразғалиев, Х.Исқақов, Керей, Мерей Қойшыбековтер қатысып, спорт мектебінің ұжымы мен тәрбиеленушілеріне жылы лебіздерін білдірді. Осы жылдарда М.Имашев атындағы спорт мектебі мыңнан аса спортшы тәрбиелегенін, олардың арасынан жаһанға танылған саңлақтар шыққанын айтқан абзал.

– Спорт мектебінің филиалдары ауданның барлық ауылында бар. Бүгінде мектеп тәрбиеленушілеріне Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушылар, өз ісінің хас шеберлері тәлім береді. Ендігі мақсат – ауданымыздан Олимпиада чемпионын шығару, – дейді спорт мектебінің директоры Манар Рахманқұлов.

 Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button