Руханият

БАЛА АБАЙҒА БАТА БЕРГЕН ЖАНҚҰТТЫ

БАЛА АБАЙҒА БАТА БЕРГЕН ЖАНҚҰТТЫ


Біз Абай заманында ғұмыр кешкен тұлғаларды тану арқылы хакім айналасын біліп, жұмбақ Абайдың өзіне жақындай түсеміз. Ақын танымының ойшылдық деңгейге жетуі қазақтың байырғы халық ауыз әдебиетімен сусындауы болатын. Ол халық арасында кең тараған ертегі, жыр-дастандарды тыңдаумен, өз дәуірінде жарық көрген кітаптарды оқумен дүниетанымын байыта түсті.

Абайтану ғылымының білгірі Мұхтар Әуезовтің сөзінше, Құнанбай баласы тек қана жыр-дастан тыңдаумен шектелген жоқ. Өз заманына дейінгі би-шешендердің де сөзін құлағына құйып өскен. Сондай сөзге ділмар, шешеннің бірі Жанқұтты Ботантайұлы.

Жанқұтты кім? Құнанбайдың замандасы, әрі жақын сырласы болған Жанқұтты шешен туралы архив деректері не дейді? Енді осыған тоқталсақ, көненің көзіндей, көмескіленген сөзіндей болған тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарсақ…

Жанқұтты Ботантайұлын ел арасында «Жақсы Жанқұтты» дейді екен. Жақсы Жанқұтты 1810 жылы Қарағанды облысы, Шет ауданы, Аюлы тауының баурайында өмірге келген. Бала кезінде ауыл молдасынан оқып, мұсылманша сауат ашады. 1824 жылы әкесі Жанқұттыны Қарқаралы қаласындағы медресеге оқуға береді. Медресені бітіргеннен кейін, ел ішіндегі әртүрлі билік, әкімшілік жұмыстарына араласады.

БАЛА АБАЙҒА БАТА БЕРГЕН ЖАНҚҰТТЫ

Жанқұтты шешен Шабанбай бидің:
«Аллаға жағам десең – азанды бол,
Ағайынға жағам десең – қазанды бол,
Халқыңа жағам десең – әділ бол,
Судай таза бол,
Жердей берік бол,
Өмірің ұзақ болсын,
Аймағың суат болсын,
Сөзің халыққа қуат болсын!» – деген батасын алып, тәлім-тәрбиесін көрген.

Өз заманында ел басқарған Құнанбай Өскенбайұлы, Алшынбай Тіленшіұлы, Құсбек төре сынды ел жақсыларымен тығыз қарым-қатынаста болған Жанқұтты шешен екі мәрте 1850, 1873 жылдары қасиетті қажылық сапарын өтейді. Соңғы барғанында Мекке шаһарында қайтыс болған. Жанқұтты Ботантайұлының алғаш жұртқа танылуы Жамантаймен жауаптасуы болатын. Қарқаралыға аға сұлтан болып сайланған Жамантай төре елдің игі жақсыларын жинапты. Сол жиынға бала Жанқұтты да барып қатысады. Мұны көрген Жамантай: «Бұл қатын-қалаш, бала-шағаның өсек айтатын жері емес, алқалы топтың бас қосатын мәжілісі емес пе, мына бала кім?» депті.

Сонда Жанқұтты: «Ғафу етіңіз, кеше келгенде бір үйге қонақ болып дәм таттық, сонда бір ақсақал «еті арық екен» деп тыжырынып отырған-ды. Бүгін мені көріп, сіз тыжырынып отырсыз! Сонда бұл қалай? Адам алжыса, астан шошиды, төре алжыса, жастан шошиды дегені осы ма? Болмаса, «асыл тастан, ақыл жастан шығады» деген аталы сөзді аттап кеткеніңіз қай сасқандығыңыз?» депті.

Жамантай төренің қасындағылардың бірі: «Сөзін қара, болайын деп тұрған бала екен!» дегенде, Жамантай төре жұлып алғандай: «Болайын деп емес, болып тұрған, төрт құбыласы тең түсіп, толып тұрған жас екен. Бұдан былай біздің округтің ішіндегі дауға қатысты мәселені осы шешетін болсын!» – деп, шешім шығарыпты. Ел арасында кеңінен таралып бізге жеткен әңгіме осы.

Жанқұтты Құнанбаймен тізе қосып, ел басқару ісінде де үлкен еңбек етеді. Бұған 1847 жылы Құнанбайдың Қарқаралыда «ғылым іздеген қыр баласы көзін ашатын медресе-мектеп тұрғызу», ел ішінде шариғат жолын берік ұстанып мешіт салдыру ісін қолға алған кезеңде Жанқұтты Ботантайұлының есімі алдымыздан шығады. Бұл құжат абайтанушы Мұздыбай Бейсенбаевтың алғаш тауып жариялаған, 32 парақтан тұратын «Қарқаралы селосындағы мешіт құрылысы жөніндегі іс» деп аталатын архив хаттамасы. Бұл дерек Қарқаралы қаласындағы Құнанбайдың бас болып іргетасын қалаған мешіттің салыну тарихына қанықтыра түседі. Дәл осы құжатта жиырмаға тарта билер мен болыснайлардың тізімінде Әлтеке-Сырым болысынан Жанқұтты Ботантайұлының есімін кездестіруге болады.

Бұдан бөлек Жанқұтты шешеннің болыс болғаны туралы дерек тарихшы Болатбек Нәсеновтің «Сарыарқадағы – хан ұрпақтары. Болыстыққа таласу» еңбегіндегі «О представлении Окружными Приказами Списковъ о Султанахъ, Бияхъ, Старшинахъ и почетных киргизах за 1850 годъ» атты архив құжатында кездеседі. Мұнда: «Джангутты Ботонтаевъ, 43 лет, скромной нравственности и довольно уменъ. Рода Альтеке. Волостной управитель – Альтеке Сарымовской» деп көрсетілсе, жоғарыда аталған еңбекте Жанқұтты шешеннің болыстықтан кейін Әлтеке-Сырым болысының биі болғандығын дәлелдейтін тағы бір құжатта: «Список Лицамъ пользовавшимъ званіемъ Біевъ до 1854 года и въ настоящее время пользуютъ таковымъ» делінген Қарқаралы округіне қарасты болыстар, билерінің тізімінде: «Алтеке-Сарымовской волости Біи Джангутты Ботантаевъ» деп көрсетілген дерек дабыра болған дауды шешіп, момын мен жетімнің ақысын жемей, әділ болған шешеннің сол кездің өзінде халық ішінен би болып сайлануы Жанқұттының сөзге шешендігін, ділмарлығын тағы бір дәлелдегендей болып көрінеді.

Болашағын болжай білген бабалар

Заманында ел ішіндегі дау-шарға араласып, ел басқару ісінде шешендігімен көзге түскен, аға сұлтан Құнанбайдың жақын серігі болған Жақсы Жанқұтты екі рет қажылыққа барған деседі. Соңғы барарында Құнанбайдың: «Келесі жылы барайық» – деп қолқа салғанына: «Келер жылға қарар едім, ажал қарамайды ғой», – деп жүріп кетеді. Бұл шамамен 1873 жыл болса керек. Сол сапарында Меккеде қайтыс болған.

Жанқұтты мен Құнанбай арасындағы осы бір байланыстан-ақ Жанқұтты шешеннің болашақты болжағыш қасиетінің бар болғанына, әулиелігіне тағы көз жеткізіп отырмыз.

Құнанбай қажылық сапарынан қайтарда Жанқұтты шешеннің басына дұға оқып болғаннан кейін: «Жанқұтты, сен жақсы!» – деп мен айтушы едім. «Құнанбай, жақсысың!» – деп сен айтушы едің. Ақыры, Жанқұтты, сен жақсы болдың. Сенің сүйегің қасиетті Меккеде қалды. Мен алдамшы өмірге қайтып бара жатырмын», – деген сөзі қажы сапарынан соң ел арасына кеңінен таралыпты. Қажылық сапарын бірге өтеуді мақсат тұтқан Құнанбай мен Жанқұттының өте жақын, сыйлас болғанын аңғару қиынға соға қоймас.

Жанқұтты шешен бірде Құнанбай ауылына қонаққа келгенінде Абаймен жауаптасып, бала Абайдың болашағын болжап, батасын беріпті деседі.
Ел аузында кең тараған әңгімеде: Бірде Құнанбай ауылында мейман боп жатқан Жанқұттыға бала Абай сәлем бере кіреді. Құнанбайдың өзі тапқыр, өлең шығаратын баласы туралы естіп жүрген Жанқұтты баланы шақырып, қасына отырғызып алғаннан кейін сауал тастайды:

– Шырағым, дүние неге сүйенеді?
– Дүние үмітке сүйенеді.
– Көздің көрмесі бола ма?
– Көз қабағын көрмейді.
– Шам жарығының түспесі бола ма?
– Шам жарығы түбіне түспейді.
– Болат пышақтың кеспесі бола ма?
– Болат пышақ өз сабын кеспейді.
– Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?
– Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды.

Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрайды. Сонда Абай:

Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,
Талпынған мен балапан ұядағы.
Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,
Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.

Көз көруі жетпейді қабағына,
Шам жарығы түспейді табанына,
Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,
Мақлұқат тартпай қоймас тамағына, – деп жауап береді.
Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:
– Сізден сұрақ сұрауға бола ма?» – дейді тағы да үзілген әңгімені жалғап.
– Е, шырағым, сұрай ғой, – депті Жанқұтты шешен.
– Арзан не, қымбат не, дауасыз не? – депті Абай.
– Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, дауасыз – кәрілік емес пе? Жанарың отты екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп батасын беріпті.

Ел аузында сақталып бізге жеткен ақын Абай мен Жанқұтты шешеннің тілдесуі осы.

Жалпы, Жанқұтты айтқан сөз деп бізге жеткен шешеннің сөз мұрасын бағамдай қарасақ, туындыларынан үш түрлі бағыт байқалады: бірінші – халыққа қамқор болу, сыртқы дұшпандарынан қорғану үшін жасаған іс-әрекеттері. Екінші – ел бірлігін сақтау, ру арасындағы мәселелерді шешу барысындағы әділ қазылық етуі. Үшінші – ұрпаққа ұлағатты сөз қалдыру, жастарды тәрбиелеуге айрықша мән беруі болып табылады.

Бұл – ел аузында есімі қалған Жанқұтты Ботантайұлына қатысты тарихтың бір ұшы ғана. Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты даңғайыр даламыздың данышпандары әлі де көп-ақ.

Оларды зерттеу, зерделеу – алдағы күндердің еншісінде.

Қуат Қиықбай,
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің ғылыми қызметкері

Осы айдарда

Back to top button