Қоғам

Агробанк құруды ұсынды

Ел Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаев сайлауалды үгіт аясында Түркістан облысының ауыл шаруашылығы өндірушілерімен кездесті. Кездесуге ірі шаруа қожалықтарының басшылары, фермерлер, мақта өсірушілер мен диқандар қатысты.

Кандидат кездесуде ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін қаржыландырудың, жер және техникалық ресурстардың қолжетімділігі мәселелерін қозғады.

– Шағын шаруалар кооперациясы мәселелерінің шешілу деңгейі төмен, жер үлескерлері мен шартты жер үлестеріне иелік етушілер арасында дау мезгіл-мезгіл туындап тұрады. Мен сайлауалды бағдарламамда осы мәселелерді шешудің жеке бағытын белгіледім. Агробизнес құрғысы және аграрлық саланы нығайтқысы келетіндер үшін пайызсыз несие беретін агробанк құруды ұсынамын, – деді Жигули Дайрабаев.

Кездесуде фермерлер су тапшылығы жайлы алаңдаушылықтарымен бөлісті. Олардың айтуынша, мәселе жыл сайын артып келеді.

– Су ресурстарының тапшылығы ауыл шаруашылығына да теріс әсер етеді. Сондықтан су ресурстарының әлеуетін қалпына келтіру, оның ішінде су үнемдеу технологияларын дамытуды күшейту қажет, – деді Жигули Дайрабаев.

Облыстың мақта өсірушілері де өз проблемаларын айтты. Биыл Түркістан облысында 125 мың гектардан астам жерге мақта егілді, диқандар 300 мың тонна өнім жинауды жоспарлап отыр. Кандидат мақташыларға мәселені шешу үшін мақта сатумен ғана емес, сонымен қатар қайта өңдеумен де айналысуды ұсынды, бұл олардың жағдайын жақсартып, жұмыс орындарын ашатынын айтты. Ол мемлекет есебінен шаруалармен бірлескен меншік негізінде өңдеу зауытын салу ниеті бар екенін мәлім етті.

Кездесуге жиналғандар Жигули Дайрабаевтың бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін айтты.

Осы айдарда

Back to top button